Өрт қаупі бар кезеңге дайындық жайы пысықталды

0 16

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша өрт қаупі бар кезеңде өңір халқы мен аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Өрттерге жедел ден қою үшін облыстық штаб құрылды. Штабтың кезекті отырысы облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен өтті.

Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ералы Ақылбековтің айтуынша, аудандар өрттің алдын алу бойынша шараларды жүзеге асыруға кіріскен. Барлық ауданда ірі өрттермен күресу үшін күштер мен құралдар тобы дайындалды. Облыс аумағында 19 өрт сөндіру бекеті құрылды. Шу ауданы Балуан Шолақ ауылында өрт сөндіру бекетін құру жоспарланған. Ауылдық округтерде 2128 адамнан тұратын 165 ерікті өрт сөндіру жасағы бар.

Аудандарда құрамына ТЖД, жергілікті полиция қызметі және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері кіретін 16 мобильді топ 45 рейдтік іс-шара өткізді. Білім беру ошақтарында өрт қауіпсіздігі бойынша 43563 адамды қамтитын 500-ге жуық оқу-жаттығу өтті. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 39 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 729,7 км минералды жолақтарды жырту жұмыстары жүргізілді.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нартай Егембердиев өртке қарсы іс-шараларды жүзеге асыру және өрт қаупі бар маусымда мемлекеттік орман қоры жерлерін қорғау шаралары туралы баяндады. «20 наурыздан бастап облыстың мемлекеттік орман қорының аумақтарында өрт қаупі бар кезеңі жарияланды. Орманшылықтарда 26 өрт бақылау мұнарасы жұмыс жағдайына келтірілді. 55 бекетте тәулік бойы кезекшілік жүргізіледі. Өрт қаупі бар маусымында қосымша 6 тірек орнатылады», деді ол.

Қазіргі уақытта өрт сөндіруші топтарда 305 адам, өрт сөндіру стансаларында 352 өрт сөндіру жасақшысы бар. Өрт сөндіру жасақшылары киіммен толық қамтамасыз етілген, олар арнайы дайындықтан өтіп, сертификат алған.

Сондай-ақ орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын нығайтуға жіті көңіл бөлінуде. Өткен жылы 280 миллион теңгеге 9 трактор, 7 автокөлік, 10 мотопомпа, 40 рация сатып алынды. Ағымдағы жылы 280 миллион теңге бөлініп, оған өрт сөндіру техникасы мен өртке қарсы жабдықтар, патрульдік автокөліктер сатып алу жоспарлануда.

Қ. Мәдібек елді мекендерде өрт сөндіру бекеттері мен ерікті өрт сөндіру жасақтарын ұйымдастыру және оларды өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ мамыр айының соңына дейін республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары мен темір жол бойындағы минералды жолақтар бойынша жұмыстарды аяқтау міндеті қойылды.

Шаруа қожалықтарына тексеруді қайта жандандыру, жұмысшылар мен басшыларға нұсқау беру, алғашқы өрт сөндіру құралдарының бар-жоғын тексеру, ұсынымдары бар арнайы жадынамалар тарату тапсырылды.