Зейнетақыны неліктен уақытылы ресімдеу керек?

0 20

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Қорда міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар және жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына жеткен адамдардың, сондай-ақ, егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін белгіленген кесте бойынша алуға құқықтары бар екенін еске салады.

Қордан зейнетақы төлемдерін зейнет жасына толуына байланысты тағайындау үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша ХҚКО-ға, ал бірінші немесе екінші топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты төлем алу үшін Қор бөлімшелеріне, электрондық цифрлық қолтаңбасы бар болса БЖЗҚ сайты арқылы уақытылы жүгінулері қажет. Алушы зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын ХҚКО-ға өтінішпен бірге қажетті құжаттарын өткізуі керек. Біз осы мерзімді қатаң сақтауға кеңес береміз. Себебі, бұл мемлекеттік зейнетақыны алу үшін өте маңызды, оны тағайындау үшін ұсынылған құжаттар бойынша еңбек өтілін тексеру қажет. Оған қоса, заңнамаға сәйкес жасына байланысты зейнетақы және мемлекеттік базалық төлем тағайындау өтініш берілген күннен бастап жүргізіледі. Мұндай күн болып өтініш пен қажетті құжаттар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында (бұдан әрі — Мемлекеттік корпорация, ХҚКО) тіркелген күн есептеледі.

Естеріңізге сала кетейік, жасы бойынша зейнетақыны жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына толған адамдар ала алады: 2024 жылы ерлер 63 жасқа, әйелдер 61 жасқа толғанда. БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру бойынша проактивті қызмет көрсету мақсатында зейнет жасына толған, Қорда зейнетақы жинақтары бар, бірақ төлем алуға өтініш білдірмеген тұлғалар бойынша БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп, осындай азаматтарда жасына байланысты тағайындалған зейнетақы төлемдерінің және бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің бар-жоқтығын жыл сайын салыстырып, тексеру жұмыстарын жүргізеді.

Жыл сайынғы салыстыру нәтижелері бойынша бюджет қаражаты есебінен тағайындалған зейнетақы төлемдері бар адамдар анықталған кезде БЖЗҚ оларға Мемлекеттік корпорациямен жасалған тиісті келісім шеңберінде зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады.

Мәселен, ағымдағы жылдың 1 наурызына қарай жыл сайынғы салыстыру нәтижелеріне сәйкес зейнетақы жасына толған, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және оны төлеуге өтініш білдірмеген 200 мыңға жуық адам Мемлекеттік корпорацияның мәліметтері бойынша анықталды:

  • 45 мыңға жуық адам жасына байланысты зейнетақы төлемдерін/базалық зейнетақы алмайды;
  • шамамен 92 мың адам бюджет қаражаты есебінен жасына байланысты/базалық зейнетақы/еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алады, оның ішінде:

— ағымдағы жылы 20 мыңға жуық азамат БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемін алу үшін тұрғылықты жері бойынша ХҚКО-ға өз бетінше өтініш білдірді;

72 мыңға жуық азаматқа салыстыру нәтижелері бойынша БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері проактивті форматта тағайындалды;

  • 63 мыңға жуық адам Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен не қайтыс болған адамдар санатында.

Осылайша, жоғарыда көрсетілген салыстырып тексеру нәтижелері бойынша БЖЗҚ ағымдағы жылдың наурыз-сәуір айларында 72 мыңға жуық азамат ХҚКО-ға проактивті форматта жүгінбесе де, БЖЗҚ оларға зейнетақы төлемдерін жүзеге асырды.