Талап қатаң

0 31

Біздің облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2024 жылдың бірінші тоқсанында заңды және жеке тұлғалардың қайырылуылары бойынша тоғыз нысанды аудиторлық іс-шарамен қамтыды. Аудиторлық іс-шаралар нәтижесі бойынша аталған нысандарда 1765,4 мың теңгенің қаржылық заң бұзушылықтары, 606,4 мың теңгенің рәсімдік сипаттағы заң бұзушылықтары (оның ішінде 530,7 мың теңгесі мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптарын бұзуға қатысты), жалпы сомасы 2371,7 мың теңгені құрайтын заң бұзушылықтар анықталды.

Бюджетке қайтарылуға тиісті 1765,9 мың теңгеден, қолданылған шаралар арқылы, 182,8 мың теңге қайтарылып, қалпына келтірілді. Жүргізілген іс-шаралар қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтар үшін мекеме-кәсіпорындардың 5 лауазымды тұлғасы тәртіптік жазаға тартылды, 1,9 мың теңге әкімшілік айыппұл салынып, толық өндірілді.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы «Камералдық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» №598 бұйрығына сәйкес ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері камералдық бақылауды жүзеге асырады. Камералдық бақылау тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижелері бойынша және келіп түскен шағымдар негізінде жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан 2024 жылдың бірінші тоқсанында 10739 мемлекеттік сатып алу рәсіміне камералдық мониторинг жүргізіліп, 2474 сатып алуға қатысты заң бұзушылықтар бойынша хабарламалар жолданды.

Тапсырыс берушілер тарапынан мемлекеттік сатып алулар кезінде жіберілетін негізгі заң бұзушылықтар:

  1. Әлеуеттi өнiм берушiлердiң өтiнiмдерiн Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұза отырып қарау. Бұзушылықтар әлеуетті өнім берушілердің конкурстық (аукциондық) өтінімдерін негізсіз қабылдау/қабылдамау, сатып алу нәтижелеріне әсер ететін өтінімдерге шартты жеңілдіктерді негізсіз қолдану/қолданбау болып табылады;
  2. Әлеуетті өнім берушілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделмеген біліктілік талаптарын белгілеу. Көрсетілген себептер шағым жасалған сатып алулар санының артуына, конкурстық (аукциондық) комиссияның заңсыз шешімдеріне байланысты сатып алудың ұйымдастырушысына сенімсіздік білдіруге ықпал етеді, сондай-ақ бюджет қаражатының уақытылы және тиімді игерілуіне және үнемделуіне теріс әсер етеді.

Айта кету керек, ұйымдастырушылар толық орындалмауы, нұсқамаға сәйкес емес орындалуы әкімшілік ауыртпашылыққа және бюджет қаражатының уақытылы игерілмеуіне әкеледі. Департамент тарапынан жіберілген камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларды тиісінше орындамағаны үшін банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы 5 хат жолданды, 7 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, соттың қарауына жіберілді.