Ең алғашқы оқыған кітабыңыз есіңізде ме?

0 43

Жасыратыны да, жамандайтыны да жоқ келмеске кеткен кешегі кеңестер кезінің кімге болса да пайдасы тиген жақсы жақтары да болды. Солардың бірі де бірегейі мектептер мен түрлі оқу орындарында берілген сапалы білім мен саналы тәрбие және кітап оқу үрдісі. Ол кезде ауыл, қала демей оқу бітіріп, диплом алғандар өз мамандықтары бойынша жұмыспен камтылатын. Ал, кейбір оқи алмай қалғандарының өзі табылған жұмысты істеп, нәпәқаларын айыратын. Сонда заңның қаталдығы сонша жұмыстан себепсіз бір күн қалуға, тіпті кешігуге де болмайтын. Сондықтан қазіргідей жұмыссыз бос жүрген адамды көрмейтінбіз.

Міне, сондай заманның өзінде адамдар кітап оқуға да, кітапханаға баруға да уақыт табатын. Қай салада еңбек етсе де кітап оқымайтындар кемде-кем еді. Тіпті, колхоз, совхоздардағы трактор, машина тағы басқа көлік жүргізушілердің кабиналарында және малшылардың қоржындарында кітап жүретін. Ол кезде сондай-ақ, барлық отбасы газет-журналдарға жазылатын. Жұмыстан кейін кешкісін немесе демалыс күндері ауыл тұрғындары бас қоса қалса, оқыған кітаптары туралы да айтып отыратын және бір-бірінен кітап алысып жүретін. Солардың қастарында отырған біздер бала болып, үлкендердің әңгімелерін қызығып әрі ұйып тыңдайтынбыз. Содан да шығар сол кездегі жас буындардың да кітапқа деген қызығушылығы оянып, оқу- білімге құштарлықтары арта түскені. Оның үстіне бұрын тек мемлекеттік баспалар мен баспаханалар ғана болатын. Қай елде болсын кітаптардың барлығы көркемдік кеңестен өтіп барып шығатын. Бәлкім сондықтан да сол кездегі қаламгерлердің оқырмандарға сапалы дүние ұсыну мақсатымен талмай ізденісте жүріп жазған шығармалары қызықты әрі тартымды болып, көңілімізге ұялап қалды деп ойлаймын. Қазір біздің елдегі әдебиет пен өнердің қай саласына да сондай шынайы көркемдік кеңес жетпей тұрған сияқты.

Сондай-ақ, сол кездегі ұстаздар да балаларды түрлі жолдармен кітап оқуға қызықтыра білетін. Қай пәннің мұғалімі болсын сабақ өткізіп немесе оқушылардың болашағына керекті мағынасы зор әңгіме айтып жатқанда сүйсініп тыңдайтынымыз әрі ұстазға деген құрметіміз сонша қазіргі оқушылардай сабақ үстінде телефон түгіл, терезеге қарауға мүмкіндігіміз болмайтын және ұятымыз да жібермейтін. Шыны керек, ол кезде сыйлайтынымыз бөлек, мұғалімдерден қорқатынбыз да. Ал, қазір ше? Ол енді  бөлек әңгіме.

Ұстаздарымыз күнде болмаса да кей кезде сабақтың аяғында 10-15 минут уақыт арнап, өздері оқыған  кітаптары жайлы әсерлі әңгімелей келе, бізді кітап оқуға шақырып, әйгілі тұлғалардың кітап туралы өлеңдері мен қанатты сөздерін, мақал- мәтелдер айтып отыратын. Және «Көп оқыған білмейді, көп тоқыған біледі» деп Төле би бабамыз айтқандай, кітапты оқып қана қоймай, оқығанды көңілге ықыласпен тоқи білу керектігін де түсіндіріп өтетін.

 «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы» деп әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби айтпақшы, шәкірттерге тәрбие мен білім беруден жалықпай, мектептен тыс шаруалардан да шаршамай жүретін және ұстаз деген ұлы есімге лайық бола білген, әсіресе қазіргідей қалаға қашқақтауды білмейтін, елмен бірге гүлдейтін, қарбаласы мол ауылдардағы қайран ұстаздарымыз-ай…

Ал енді алғашқы оқыған кітабыма келетін болсам, мен туып-өскен шуақты Шу ауданы, қазіргі Ақтөбе ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ орта мектебінде оқу жылы соңында, яғни соңғы қоңырау салтанатында сабағы мен тәртібі жақсы оқушыларға және мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан оқушыларға да грамоталармен қоса, түрлі сыйлықтар немесе кітаптар берілетін. Әлі есімде сол кезде мен 4 сыныпты тәмәмдап жатқан едім. Менің бірінші сыныптан бергі алғашқы әрі ұлағатты ұстазым Жұмакүл Жұмабайқызы Дүржанова әпкейіміз маған грамотамен бірге «Шайтанқұмда жоғалған бала» атты кітапты қолтаңбасымен сыйға тартты. Авторы — физик жазушы Рысбек Баймаханов. Жазушының қаламынан туған ғылыми-фантастикалық шығарма тоғыз бөлімнен тұрады екен. Әр бөлім әртүрлі оқиғалар мен деректерге толы. Автор мұнда адамгершілікті, әділеттілік идеяларын сөз етеді. Кітап 1978 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген. 141 бет. Бағасы — 40 тиын.

Сол кездегі ұстаздар кітапты жай ғана бермейтін. «Үш ай каникулда осы кітапты, ләжі болса өзге де кітаптар оқып, мектепке келгенде сол кітаптардың не туралы екенін және қайда барғандарыңды, не істеп, не көргендеріңді бізге айтып бересіңдер», деп беретін. Біз алтын күзде сөмкемізді ғана емес, ұстаздар мен мектепке деген сағынышымызды да арқалап келген жаңа оқу жылының алғашқы күндері сынып жетекшіміз (әлде бізді сынамақ бола ма?) жаңағы айтқандары жөнінде диктант жазғызатын. Диктанттарымызды жинап алған соң, үйіне апарып, асықпай оқып шығып, келесі күні бізге ризашылығын білдіріп, рахметін айтатын. Және жылы лебізге толы ізгі тілегін арнап, бізді одан сайын шабыттандыратын, қанаттандыратын. Бәлкім сол ұстаздарымыздың оң ықпалынан кейін шығар, менің және кейбір замандастарымның кітапқа деген қызығушылығымыз оянып, кітапсүйер жандардың біріне айналғанымыз.

Менің кітап оқуыма тағы бір себеп — ағаларым мен әпкелерімнің кітап оқитындықтары. Кейде жұмыстан қолдары босамай жатса, кітапханадан немесе біреуден алған кітаптарын маған апартқызатын. «Апарған соң саған орнына мынандай кітап беріп жібереді» деп сұраған кітаптарының аттары мен авторларын айтып түсіндіретін. «Жақсының шарапаты тиеді» демекші, мүмкін маған сол кісілердің арасына кітап дейтін киелі де құнды дүниені тасып жүрудің арқасында кітап оқитын қасиеттері жұғысты болған шығар.

Міне, содан бері облысымыздың ғана емес, Алматы облысындағы бірнеше кітапханалардың да тұрақты оқырманымын. Кейде уақытым болса кітап дүкендерін аралап, әр жанрдағы жаңа кітаптарды алып тұруды да әдетке айналдырғанмын. Мен сондай-ақ, кітапты оқып қана қоймай, барынша көңілге тоқуға да тырысамын. Және кітаптар мен газет-журналдар арқылы білгендерімді ішімде жасырып қалмай, жүрген жерімде айтып та жүретінім бар.

Мен сатып болсын, сыйлыққа болсын жаңа кітаптар алған сайын бөлмем кітапқа толып кеткен соң, оқылған кітаптарымды сарайдағы сандығыма салып қойған едім. Жуырда бір кітап керек болып, сол жерден іздеп едім арасынан алғашқы оқыған әлгі кітабым қолыма іліне кетті және көзіме оттай басылды. Біраз парақтап қарап тұрдым да үйге алып барып, бір күні арнайы уақыт бөліп қайта оқып шықтым. Жай ғана оқып қойған жоқпын. Қайта келмес ең бақытты шаққа ой-қиялмен саяхат жасап, балдай тәтті бала ғұмырдың әрбір сәулелі сәттерін көз алдымнан өткізіп отырып оқыдым. Оқып болып сағыныш құшағына ендім. Шіркін, ол бір өмірдегі армансыз да, алаңсыз күндеріміз екен ғой. Сол бір ерке кездеріміз бүгін ертегі секілді.

Одан кейін өмірден өткен ұстаздарым мен бірнеше сыныптастарым еске түсіп, жүрегімнің ауырғанын-ай…

Мен осы алғашқы оқыған кітабымды сыйлыққа алғалы бері қанша жыл өтсе де  әлі сол тап-таза, жаңа қалпында тұр. Әлде мен кітапты ұқыпты ұстап, құрметпен қарайтын болғандықтан ба екен? Дегенмен, «Адам қартайса да сурет пен кітап қартаймайды» деген рас шығар.

Міне, мен содан бері, яғни әдеби кітаптар оқи бастағалы  кітапты айнымас дос, алжымас ақылшы, үнсіз тәрбиеші санап келемін. Ульям Шекспирше айтатын болсам, «Кітап маған тақтан да қымбат»

Ал, сіздің ең алғашқы оқыған кітабыңыз есіңізде ме, құрметті оқырман?