Академиктің құпия махаббаты

0 36

Бүгіндері көпшілік қазақтың айтулы азаматы, Ұлттық академияның негізін қалаған ғалым-академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығын кең көлемде атап өтуде. Ұлттық тұлғаға айналған академик Қаныш аға шынында да ерекше жаралған қабілетті жан екенін ол туралы естеліктер мен мақалалардан біліп, етене жақсы таныспыз. Оның өмірі мен еңбек жолын ұзақ жылдар бойы қайсарлықпен терең зерттеп, ұлы тұлға жайлы бірнеше қомақты кітап жазған, таяуда өмірден өткен жазушы Медеу Сәрсекенің «Қаныш елі», «Қазақтың Қанышы» атты еңбектерінде ұлтымыздың ұлы перзенті, заңғар ғалым жайлы жан-жақты мәлімет берілген. Оларды зерделей отырып бүгіндері ұлт мақтанышына айналған алып ғалым Қ.Сәтбаевтың өмір белестерінде басынан өткерген қиындықтардың, қудалаудың, аяғынан шалудың да аз болмағанын ұғамыз. Әрине, олардың біразы өмірде қатар жүрген, қызметтес болған, тіпті етене араласып жүргендердің көреалмаушылығынан, іштарлығынан, қызғанышынан туындаған-ды. Бұл орайда халқымыз жиі айтатын «қазақтың жауы – қазақ» деген сөз еріксіз еске түседі. Қаныш аға да сол кешегі кереғар заманның кесепат уытының дәмін татты, басына үйрілген қара бұлт — жала, негізсіз тағылған айыптар жүйкесін жұқартып, жүрегіне салмақ салды. Соған қарамай, ол өмірден түңілмей, еліне деген сүйіспеншілігін жоғалтпай, халқы үшін геология ғылымдағы ізденісін жалғастыра білді.

…Өткен жүзжылдықтың 70-ші жылдары Алматы қаласындағы медициналық институтта білім алып, клиникалық тәжірибеден өттік. Акушерлік және гинекология кафдерасының меңгерушісі, қазақ қыздары арасынан шыққан алғашқы ғалым-дәрігерлердің бірі акушер-гинеколог, профессор Кәмила Досқызы Өтегенова гинекология пәнінен дәріс берді. Шырайлы, келбетті, ойы салмақты, өз мамандығын терең меңгерген қазақ әйелінің, қазақ тіліне жатық ұстазымыздың мейірлі жүзінен біздерге, қаракөздерге, деген ерекше көзқарасы, ұлтжандылығы сезініп тұратын. Сол кафедрада онымен бірге қызмет ететін ұстаз-ассистент Хамит Нұржанов практикалық сабақтар өткізгендіктен, онымен қалалық перзентханада түнгі кезекшіліктерді бірге өткізіп жүрдік. Бірде сөзден сөз шығып, профессор Кәмила Досқызы жайлы әңгіме өрбіді. Қазақтан шыққан алғашқы профессор акушер-гинеколог К.Өтегенова институтта өте беделді ұстаз-ғалым екенін, негізгі қызметімен қоса республикамыздың Денсаулық сақтау министрлігінің бас акушер-гинекологы болып қызмет ететіні, елімізде ана мен бала денсаулығын барынша жақсартуға үлес қосып жүргені жайлы хабардар етті.

Мемлекеттік емтихандарымызды сәтті тапсырып, дәрігер дипломын алып, жан-жаққа қызметке кеттік. Бірақ, кейбір сәттерде дәріс берген ұстаздарымызды, олардың бізге берген ақыл-нұсқауларын еске алып отыратын кездеріміз аз болмайтын. Әсіресе, акушерлік пен гинекологияда кездейсоқ оқиғалар кездесе қалған сәтте профессор Кәмила Досқызының «Алдарыңа босануға келген әйелдерді көргенде ерекше абай болыңдар. Екі адамның өміріне сендер жауаптысыңдар: ана және жас сәби. Сондықтан, әр сәтті дұрыс бағалап, зерделеп, керекті медициналық көмекті аямай, екеуінің өмірін сақтап қалуға міндеттісіңдер», деген сөздері жауапкершілігімізді арттырып, біздерді іске жұмылдыра түсетін.

Бірнеше жыл институт студенттерін біздің қалаға практикаға акушер-гинекология кафедрасының доценті Хамит Нұржанов әкеліп жүрді. Сол кезде Алматының, институттың, кафедраның жаңалықтарын білгіміз келіп, Хамит ағамызбен сыр бөлісетінбіз. Бірде ол профессор К.Өтегенова апайымыздың зейнеткерлікке жасы жетіп, қызметтен 63 жасында кетіп, артына ілескен жалғыз перзенті – Мәскеуде тұратын қызы Жәмиланың ұлдарын өсіруге жәрдемдесуге Мәскеуге кеткенін айта келе, Жәмила академик Қаныш Сәтбаевтың қызы екенін айтып қалды. Бұл мен үшін тың жаңалық еді. Бұрындары Қаныш ағаның екі рет үйленгені, екі әйелінен төрт қызы бар екенін білетінбіз. Ал бесінші қызы профессор Кәмила Өтегеновадан екенін естіп, таңқалғанымыз бар.

Кәмила Досқызы Өтегенова (Кәмила Досмұхаммедқызы) – қазақ қыздары арасында дәрігер-ғалым, акушер-гинекология саласының білгір маманы ретінде отандық медицинаға аты алтын әріптермен жазылған зерек жан. Ол Ресейдің Челябі облысының Троицк қаласында 27.5.1915 жылы туған. Отбасы 1930 жылы Алматыға қоныс аударған. Қазақ (қазіргі Алматыдағы С.Асфендияров атындағы) мемлекеттік медицина институтының алғашқы түлектерінің бірі. 1936 жылы дәрігерлік диплом алып, жолдамамен Оңтүстік Қазақстан облысының Ащысай кен орнының 25 төсектік учаскелік ауруханасында еңбек жолын бастады. Бір жылдан кейін Алматыға кері оралып, 1937-1938 жылдары акушерлік-гинекологиялық клиникалық ординатурада білім алды. Оны бітіргеннен соң, кафедрада аға лаборант болып қалып, ғылыми жұмыстармен айналыса бастады. 1941 жылы кафедраға ассистент болып қызметке тұрды. 1945 жылы Мәскеудің мединститутында «Аналық без обырының клиникалық және гистологиялық байланысы» тақырыбы бойынша кандитаттық дисертация қорғады. 1946 жылы доцент атағына ие болды. 1952 жылы акушерлік-гинекология какфедрасының меңгерушісі болып сайланды. 1955 жылы Ленинградтан докторлық диссертацияны сәтті қорғап келді. 1956 жылы профессор атағы берілді. 1958-1978 жылдар аралығында, яғни 20 жылдан астам уақыт кафедра меңгерушісі болып тыңғылықты еңбек етіп, еліміздің акушерлігі мен гинекологиясы саласын дамытуға елеулі үлес қосты, өзінің ғылыми мектебін құрды. Оның бір топ шәкірттері (проф. Н.Ә.Каюпова, Х.Н.Нұржанов, К.Б.Жаманаева, доценттер Б.Н.Исатаева, Р.С.Бейсенбаева, А.К.Кенжебаева және т.б.) ұстаздарының ғылыми жұмыстарын одан әрі жалғастырып, өз салаларын барынша жетілдіруде.

Камила Досқызы 1954-1965 жылдары Денсаулық сақтау министрлігінің бас акушер-гинекологы, республикалық акушер-гинекологтар қоғамының төрайымы болып жемісті еңбек етті. Оның жетекшілігімен 26 кандитаттық диссертация қорғалып, 150-ден астам ғылыми еңбек жарыққа шықты.

Халық денсаулығын сақтау саласында беріле еңбек етіп, бірнеше рет қалалық, облыстық маслихаттың депутаты болып сайланды. Ол «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атақтарымен қатар мемлекеттік ордендер мен медальдармен, грамоталармен марапатталған. Түу сонау бас­тан өзіне мақсат еткен ой-арманын жеріне жет­кізе түгендеген қайраткер бар тірлік-тынысын отандық медицинаны дамытуға арнаған. Ол 63 жасқа толғанда өз еркімен қызметтен кетіп, зейнетке шықты.

К.Өтегенова ел мүдесі үшін жанын аямай халық денсаулығын сақтауға 40 жылдан астам өмірін арнады. Өмірінің соңғы 15 жылын Мәскеудегі сүйікті қызы Жәмиланың (академик Қаныш Сәтбаевтан некесіз туылған) қолында болып, оған қолғабыс көрсетіп, немерелерін тәрбиеледі. 11.12.1993 жылы 78 жасында Алматыда бақиылық болды.

 Профессор К.Өтегенованың шәкірттерінің ұсынысымен ол өмір бойы қажырлы қызмет еткен Алматы шаһарындағы №1 перзентхана қабырғасына ескерткіш-тақта қойылған. Бұл — ұлттық энциклопедиядан алынған шағын мәліметтер ғана.

Қаныш Имантайұлымен Райхан, Раушан Сәтбаевалардың үйінде танысып, екеуінің арасында ыстық сүйіспеншілік сезім пайда болып, Жәмила атты сәби дүниеге келеді. Өтегенова Сәтбаевты өте қатты құрметтеген, қызы Жәмиланың айтуынша, ол дүниеге келгенде перзентханаға жазған хаттары сақтаулы.

Жәмила Қанышқызы Өтегенова (22.8.1948 жылы Алматы қаласы) – Қаныш Сәтбаевтың Кәмила Өтегеновадан туған қызы. Арғын тайпасы Сүйіндік руы Қаржас бөлімінен шыққан. Мәскеудегі Шетел дипломатиясы институтын (МГИМО) бітірген (1971). Мәскеу радиосында Бас редакцияның қытай тіліндегі саяси шолушысы болып біраз жылдар еңбек еткен. КСРО Ғылым Академиясының Мемлекет және құкық институтының аспирантурасында оқыған. 1989-90 жылы Пекиндегі Халықаралық байланыстар институтында докторлық диссертациясын дайындаған. Бұл да Уикипедия ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет.

Мәліметтердің соңынан мәліметтер жалғаса берді. «Егемен Қазақстан» газетінің (24.02.2010) сарғайған тігінділерінен жазушы Медеу Сәрсекенің «Қаныш ағаның құпиясы» атты мақаласы кезікті. Сол мақалада Қаныш аға мен Кәмила Досқызы екеуінің арасында болған құпия махаббат жайлы және қыздары Жәмила дүниеге келген уақытта жазылған хаттардың мәтіні келтіріліпті. «…1948 жылғы 22 тамызда Алматының 1-ші перзентханасында бүлдір­шіндей қыз бала дүниеге келеді. Сөйтіп, Қаныш Имантайұлы бесінші мәрте әке атанады. Сол хабарды естігенде ол орауда отырған Кәмилаға бір құшақ гүлмен қоса, біз есімін әзірше атамай отырған естелік жазбалар иесінің айтуынша: “Қызың құтты болсын, Кәмилаш! Шексіз қуаныштамын, бұл нәресте екеуміздің қалауымызбен дүниеге келген. Саған да, маған да бақыт сыйлар ұрпақ болсын! Өзіңнің Қ…” деген сипатта құттықтау хат жолдаған. Отыз үш жасында тұңғыш рет ана атанған Кәмила да: “Ардақты Қанеке! Жүрекжарды хатыңызға шексіз ризамын, тәнті көңілмен рақмет айтамын. Алайда, мен уәдемнен шыға алмадым, кінә – өзімнен… Сізге ұл сыйламай, қыз туған соң, басыңыз менен азат. Бұл сәбидің алдағы тау­қыметі, тәрбие-тәлімі – өзімнің мой­ным­да. Азатсың дегенімді солай түсініңіз және келіс­пеймін деп дауласпаңыз, асыл Қанеке! Бір ғана тілегім бар: балаңа атыңды сыйла, есімін ой­лап та қойдым: Жәмила болады, фа­милиясы – Өтегенова, тек куәлігіне Қаныш­қызы деп жаздыруға рұқсат етіңіз! Сізге менен бұдан өзге тілек болмайды…” деген хат жолдайды.

2007 жылы мақала авторы Медеу Сәрсеке Кәмила Досқызының 17 жасынан Мәскеуде тұратын қызы Жәмиламен арнайы кездесіп, біраз мәліметтер жинайды. Мәскеудегі Халықаралық қаты­­нас­тар институтына (МГИМО) 1966 жылы тү­сіп, диплом алған соң, сондағы радио ха­бар­ла­ры редакциясына шақырылып, шетелге ха­бар тарататын Бас редакцияның қытай ті­лін­дегі бөлімінде бірнеше жыл редактор болып еңбек еткен. Соған қоса КСРО Ғылым акаде­мия­сының мемлекет және құқық инс­ти­тутының аспирантурасында білімін көтерген. «Сол институтқа жиі қатынап жүріп, 1975 жылы Сергей Егоровпен таныстым. Екі жыл­дан соң тұрмыс құрдық. Шаңырақ түзеуден бір жыл бұрын екеуміз де кандидаттық диссертация қорғадық…» депті Жәмила естелігінің 60-бетінде. «1978 жылдың 20 наурызында тұңғыш ұлым Тимур туды. Мамам Алматыдан ұшып келіп, толғақ басталған сәтте қасымда отырды. «Қатты шыңғырма, қазақ әйелі перзентін дыбысын шығармай туады…» деп қайрап бақты, қайран мамам…». «Тимурдың бет-пішіні – нағыз қазақ, күйеуім екеуміз тұңғыш перзентіміздің кімге тартқанын білмей, көп уақытқа дейін аң-таң болып жүрдік… Бұл жұмбақтың шешуі бертінде, Алматыдағы әпкелерім сыйлыққа жіберген, жазушы Медеу Сәрсекеевтің 1999 жылы жарыққа шыққан “Қаныш елі” альбом-кітабының бір бетінен Ғазиз аға Имантайұлы Сәтбаевтың суретін көргенде Тимурдың сол кісіге айнымай ұқсағанын біліп қайран қалдық. Алматылық туыстарымның айтуынша, бет-пішіні ғана емес, сабырлы мінез-құлқы да, маңғаз қалпы да әкемнің туған ағасын қайталаған дейді…».

Естелік иесінің өз өмірінің әр алуан кезеңдерін бүкпесіз баяндауына қарағанда, сөйтуіне, сірә, отбасындағы орысша тәрбие де әсер еткен тәрізді. Жәмила бүлдіршін күл­лі Өтегеновтер әулетінің жан-тәнімен өбек­теп, қолын ештеңеден қақпай, шат-шадыман тұрмыстың рақатын шектеусіз кешіп, еркетотай болып ержеткен. Қызмет бабымен Одақ қалаларын аралағанда, әсіресе, демалысқа шыққанда анасы оны қасынан қалдырмай, қайда болсын әрдайым ертіп жүрген. Мыса­лы, жеті жасында Жәмила Ленинградқа мама­сымен бірге барып, анасы докторлық диссер­тациясын қорғаған күні мәжіліс залында тілеуқор болып отырған. Он жастан асқан соң, шешесіне еріп, Кавказ бен Қырымның, Бал­тық бойының сауықтыру орындарында бірге демалған. Ленинград, Мәскеу, Тбилиси, Ереванды, тағы қаншама қаланы армансыз ақтаған. Ұғымтал дарыны ерте байқалып, естігенін еш ұмытпайтын қабілетімен де өзін өбектеушілерді қайран қалдырған, шетелдің бірнеше тілін (ең алдымен игергені – қытай тілі) де аса қиналмай үйренген. Сірә, бұл қабілеттер Жәмилаға зейіні мықты анасы ғана емес, кемеңгер ақылын дүйім жұрт таныған әкесінен де ауысқан…

«Біз тұратын үйдің Мир көшесіне қараған жағында Раушан әпкем Сәтбаева мен Әлкей аға Марғұлан тұратын. Пәтері шағын, бірінші қабатта, небәрі екі бөлме. Ол кісілер мамам­мен айнымас дос жандар, ал, маған етжақын туыстар. Осы үйдің жалғыз қызы Дәнел ме­нен бірнеше жас үлкен. Құртақандай менімен ойнамайды. Ішім пысқан мен үлкендердің әңгімесіне құлақ түріп, көбіне үнсіз отыра­мын», деп балалық шағына саяхатқа беріледі Жәмила Қанышқызы естелігінің бір тұсында. «Тап сол үйде әкемнің де отбасы тұрады. Ол кісінің үйіндегі кішкентай қызы Мариям­мен тату болдым. Ол да мені ерекше жақсы көреді, музыкаға бейім қыз еді, амал не, әкей қайтыс болған 1964 жылдың аяқ шенінде кездейсоқ жағдайда опат болды… Раушан апайдың үйінде көкеммен кезде­се­міз, одан да жиірек Рай­хан әпкемнің Абай даң­ғы­лынан жо­ға­ры­да, Ал­маты өзенінің жағасында­ғы саяжайында жиі бо­ламыз. Үлкендер асты күн­қағар шатыры бар дүң­гіршектің орта­сындағы үстелде ішеді, ал мен әкем­нің тізесіне жайға­сып алып, ортаңғы сау­сақты жасыратын ойынды үйрендім, біздің қазақ­тарда сондай ойын ба­рын үйреткен де әкемнің өзі. Көкем кейде домбы­раның сүйемелі­мен ән салады. Даусы сах­на­дан айтатын әнші­лерден ешбір кем емес, маған тіпті артық сияқты көрінеді. Менің де ән-әуенге құлқым бар (ән-музыка мектебінде жеті жыл бойы сабақ алдым, қазір де рояльда ойнаймын, балалар қатысатын концерттерге шақырылып, бірнеше мәрте Қазақ радиосы студиясында өнер көрсеттім). Көкем ән айтқанда мен мүлдем елігіп, ойынды қойып, тым-тырыс тыңдаймын. Ол кісі маған неше түрлі кітаптар сыйлайды, кейбірінің ішіндегі суреттерге түсінік береді. Кейін түрлі-түсті әдемі тастар сыйлайтын болды. Кейбірін «тау хрусталы» дегені есімде. Сол тастар қазірде қайда десеңші? Бертінге дейін өз пәтерімнің көрнекті жерінде тізіліп тұрушы еді, көздің жауын алғандай әдемілері де бар-ды, амал қанша, сақтай алмадым, онда-мұнда жолаушылап жүргенде айырылып қалдым…

Мамам, мен, күтуші әпкем үшеуміз ар­найы пәтер жалдап Ленинградта тұрға­нымызда (бұл енді шешемнің докторлық диссертациясын әзірлеуге ден қойған кезі) әкем бізге бірнеше мәрте келіп қайтты. Бір жолы ол маған қоңырқай барқытпен тысталған аюдың қонжығын сыйлады. Келген сайын қорабы керемет әдемі конфеттер, торт, шампан шарабын, кейде жеміс әкеледі. Сірә, содан ба, әкемнің сол кездегі сапарын еске алсам, тіліме тәтті дәм үйірілгендей болады…».

«Бірде әкеймен бір пойызбен, бір вагонда тоқайласып елге қайттық. Қазақстан алқабына ілінген соң-ақ әкем мені терезе алдына ша­қы­рып, ұшы-қиырсыз даланың әрбір шоқы­сын, өзен-суын қолымен нұсқап тұрып, ұзын-сонар әңгіме шертті. Құдды бір ұшы-қиыр­сыз сары жонды жаяу кезіп жүргендей төндіре айтады, әр шоқының тарихын баян­дап, солардың қойнында жасырынып жатқан кен байлықтарын түстеп санап, сол жерлерде қандай тарихи оқиғалар болғанын сипат­тағанда, күні ертең қандай өндірістер орнайтынын түгендегенде ешбір мүдірмейді… Әлқисса, содан бір сәтте купесіне шақы­рып, шай алдырды. Үй-ішінің фотосуреттерін көрсетіп, әпкелерімді таныстырды. Ақырында мамамның мені өзіне жақын-жуық жүргіз­бейтініне реніш білдіріп: «Үлкен қыздарым сияқты сен де маған сүйіктісің, бірақ, өмірің, тәрбиең менсіз өтіп, шындығын айтқанда, әкесі жоқ баладай өгейсумен ержетіп келесің, қарғам. Мамаңның мұнысы дұрыс емес. Міне, мен қасыңда отырмын, туған әкеңмін, сені айында-жылында әрең көретініме налимын, бірақ соны түзетуге амалым жоқ, Жәмилаш. Бұл сөзімді ұмытпа, сірә, әкең үшін де мақтанатын уақыт туады, сол кезде маған реніш айтпа, сағынышпен есіңе ал, жарай ма, жан балам…», деп басымнан емірене сипады. Көңілі босап, жанарын жас буғанын аңғардым. Мен де жыладым. Сол сапарда ол маған тағы да ішінде неше түрлі қара-қоралаш суреттер са­лынған қалың кітап сый­ла­ды. Кітаптың суреттері ма­ған ұнаған жоқ. Қазақ­станның алғашқы тарихы екенін бертінде білдім…».

Әр нәрсенің өзіне тие­сілі уақыты болмағы да – өмір заңы, ынтық көңілдің аптығы басылып, өзгедей тіршілік әуеніне ауысатын мезгілі де болады… Біздің­ше, ортақ нәрестемен бе­кі­ген байланысты үзуге ын­та Кәмила сұлудан өрбіген… Кәмила Досқызы сол қарсаңда ғылым жолы өзі үшін – бірден-бір мәрте­белі, ел мүддесі үшін де елеулі іс екеніне біржола бекінген. Ал ондай істі қы­рықтың белінен аспай тұр­ғанда атқару қажет. Сон­дықтан да ол доктор­лық диссертациясын тезірек қамдау жолына шындап кірісіп, тірлік-ты­нысын тек қана соның жолына бағыштаған. Бұл болса бірер айдың, не жылдың әуресі емес, ол үшін жүздеген сынақ жасау қажет, пер­зент сүюді аңсаған жүздеген әйелдерді ұзақ уақыт зерттеумен, емдеумен ғана жүзеге аса­тын ауыр ізденіс. Әсілі, мұндай күрделі мақ­сатқа құлшыныс туғанда өзге шаруа­лардың, қарақан бастың қам-қарекетінің де екінші, үшінші кезекке ауысары – түсінікті жәйт… «Қазірде ойлаймын, сол күндегі қатаң тәр­тіп, әсіресе отбасына деген партиялық үс­тем­дік әке-шешемнің емін-еркін жолығуына, аш­ық түрде қарым-қатынас жасауына сан алуан кедергі туғызған. (…) Әлбетте, мамам да, әкем де – күшті тұлғалар. Екеуі де ұсақ-түй­ек­ке малданбай, қандай қысым көрсе де мойы­май, бір-біріне құштарлықтан біршама уақытқа дейін айнымаған. Қысқасы, өз қа­лауымен өмір сүрген. Сөйтсе де… мамам өз айтқанынан айнымайтын бірбеткей жан, әке­ме де, маған да ерік бермей, өзі жөн көрген қа­ғи­дамен өмір сүрді… Шешемді әріп­тес­тері қатты қадірлеген, шынтуайтын айт­қан­да, одан әлей қорыққан. Өйткені, ол – нағыз істің адамы, сол үшін қиын әрекет жасаудан да тайынбаған…

Мамамның қос немересінің тәрбиесіне жан-тәнімен берілгені сонша, емханадағы ұлан-ғайыр жұмысынан бас тартып, Мәскеуге біржола көшуге қамдана бастады. Қысқасы, қалған ғұмырын менің екі ұлымды тәрбиелеуге арнайтынын мәлімдеді. Біздің қарсылығымызға құлақ қойған жоқ. Тегінде, мамам қартайған сайын өз дегенінен қайтпайтын қылығын күшейтіп, осы күнгі терминмен айтқанда, авторитарлық әмірге көбірек ерік беретін еді. 1992 жылдың 29 желтоқсанында Сергей автомобиль апатынан қапыда мерт болды. Тимур сол қарсаңда 14, Андрей 8 жаста еді. Сол аздай, мамамның жүрегі ауыратын-ды. Қазанның 11-інде ауруха­нада жатқанда ол кезекші дәрігерді қасына шақырып, менің телефонымды жаздырып: «Мәскеуге көшіп, немерелерімді оқытпақ болған арманыма жете алмадым. Қызымнан кем көрмейтін сүйікті күйеу балам, әлгінде аян беріп: «Кәмила Досовна, сіздің де уақы­тыңыз бітті», деді. Сірә, күн шыққанын көре алмаспын, көзімді жұмған сәтте Жәмилашыма хабар беріңіз. Бұл менің соңғы өтінішім, қызым фәни дүниеде жалғыз қалды, балаларына ие болсын, олар да тура өзі сияқты, қасиетті кісінің ұрпағы…», депті. Дәрігер мені шырт ұйқыдан оятып, асыл шешемнің таң сәріде көз жұмғанын естіртті…», дейді Жәмила Қанышқызы.

«К.Өтегенова ғылым турасында түу бас­тан өзіне мақсат еткен ой-арманын жеріне жет­кізе түгендеген қайраткер. 1955 жылы, 39 жа­сында ол докторлық диссертациясын Ленин­градта қорғап, бір жылдан кейін профес­сор атағын иеленген, Қазақстанның бас гине­кологы міндетін ұзақ жылдар сәтті атқа­рып, республикаға еңбегі сіңген дәрігері атанған, орден, медальдармен марапатталып, даңқ­қа бөленген.

Медицина ғылымының докторы, профессор, қоғам қайраткері, перзент туғызу ілімінің асқан білгірі атанған К.Өтегенованың да кейбір әріптестерінің қызғанышынан өрбіген пәле-жаласынан, ақиқат теріске бұрмаланған жайттарден жаны қатты күйзелетін мезгіл туады… Қысқасы, алпыс жастың өрінен аса-ақ жұмысқа деген бұрынғы ынта-жігері азайып, оның есесіне басты назары сүйікті Жәмиласының от­ба­сына ауады. Ал, ол Мәскеуде тұрақтап, өзі ұнат­қан салада еңбек етіп жүріп, өмірлік се­рігін тапты. Анасы да күйеу баласын бірден ұнатып, әсіресе ақыл-зердесінің тереңдігін, кісілік биік нышанын да жазбай айырған. МГУ-дің тарих факультетін бітірген Сергей Егоров социология ілімімен көп жыл тынбай шұғылданып, Мемлекет және құқық институының жетекші маманы атанады» деп жазады Медеу Сәрсеке Жәмиламен жолыққанан кейінгі ойын қорытып.

Кәмила Өтегенова — 1950-1975 жылдар аралығында дәрігерлік ілімнің гинекология саласындағы маңдайалды білгірі атанған ірі тұлға. Тынымсыз қайрат иесі үшін, әсілі, бұл да аз. Ғылыми білім-танымы жетіп-артылып тұрған жан күллі Қазақстан атырабындағы, әсіресе облыс орталықтарындағы перзентхана­лардың жібі түзу мекенжайларға орналасуын талап етіп, сол үшін неше алуан қам-қарекет жасап, акушерлер мен гинеколог дәрігер­лердің біліктілігін арттыруда, өз ісін түбегейлі білуге ынтасы жоқ әріптестеріне ымырасыз қатаң шаралар қолданарда Кәмила Досқызы ешкімге дес бермеген, өз айтқанын істеткен. Өз қа­рау­ындағы №1 перзентхана сол жыл­дарда республика бойынша шын мә­нінде озат мекеме атанған.

Міне, бұл академик Қаныш Сәтбаевтың жеке өміріндегі көпшілікке мәлім емес, біразымыз тіпті біле бермейтін жұмбақ, құпия сақталған сырларының бір қатпары. Уақыт болған істі ертелі-кеш, теңіз түбіндегі тасты шайқай-шайқай бетке шығаратынындай, алдымызға жайып салады. Қаныш аға да кей сәттерде жүрек әміріне жол беріп, әдемілікке, сұлулыққа, ыстық сезімнің аясына ұмтылғанының несі айып!?