Қандай көкөністерді шикілей жеген пайдалырақ?
Рационда көкөністер міндетті түрде болуы керек. Ағзаны қоректік заттармен көбірек қанықтыру үшін кей көкөністерді шикілей жеген дұрыс.
Болгар бұрышы. Мұндай көкөніс антиоксиданттарға бай және оның құрамында С дәрумені көп. Оны жиі грильде қуырады немесе пеште пісіреді, бірақ сіз олай оның көптеген дәруменін жоғалтасыз. Болгар бұрышы шикілей денсаулыққа өте пайдалы: ол қабынуды азайтады және ревматоидты артрит, остеоартрит және қант диабетінің даму қаупін төмендетеді. Бір орташа болгар бұрышында С дәруменінің тәуліктік нормасының шамамен 150%-ы бар. Термиялық өңдеу кезінде дәрумендердің бір бөлігі жойылады. Ең дұрысы — оны шикілей салаттарға қосу немесе тіскебасар ретінде қолдану.
Қызылша. Әдетте оны борщқа және «винегрет» салатына қосады. Бірақ, ол шикі түрінде де салаттарға қосуға жақсы келеді. Шикі қызылшада қабынуды азайтуға және алдын алуға, қан қысымын төмендетуге және жүрек ауруының алдын алуға көмектесетін көптеген антиоксидант бар. Қызылша құрамында В дәрумендері, темір және жасұнық секілді қоректік заттар бар. Мысалы, қызылшаны, сәбізді және алманы үккіштен өткізіп, лимон шырынымен және өсімдік майымен араластыруға болады.
Гүлді қырыққабат. Гүлді қырыққабатта калория аз, талшықтар көп. Сондай-ақ ода С және К дәрумендері, сульфорафан және холин көп. Соңғысы жасуша мембраналарының құрылымын сақтауға көмектеседі және ми саулығына жағымды әсер етеді. Шикі гүлді қырыққабаттың дәмі қарапайым қырыққабатқа ұқсайды. Оны пісіру кезінде қоректік заттардың бір бөлігі жоғалады, сондықтан оны шикілей көкөніс салатына қосқан дұрыс.
Пияз. Пиязды шикі түрінде жегенді жақсы көрмейтіндер көп. Алайда оның шикі түрінде күкіртті органикалық қосылыстар немесе қатерлі ісікке қарсы әсері бар химиялық заттар көп. Сондай-ақ пиязда зат алмасу, эритроциттер түзілуі және жүйке жүйесінің қызметін сақтауда шешуші рөл атқаратын В дәрумендері бар.
Сәбіз. Бұл көкөністі жиі ыстық тағамдарға, сорпаларға және борщқа қосады. Шикі сәбіз — А, К дәрумендері мен жасұныққа бай пайдалы тіскебасар. Сондай-ақ, ол қандағы қант деңгейін бақылауға көмектеседі және ас қорытуды жақсартады. Сәбізде калий көп, ол натрий деңгейін теңестіреді және денеден артық заттарды шығаруға көмектеседі: бұл жүрекке түсетін күшті азайтады және қан қысымын реттейді.