ЫРЫСТЫ ЫРЫМ немесе жөргек жөнінде бірер сөз

0 27

Халқымызда ғана емес, өзге елдерде де кейбір ерлі-зайыптылардың ұзақ уақыт сәби сүйе алмай жүргендерін естіп те, көріп те жүрміз. Ол жұбайлар мен туыстарының көңілдеріне қылау салып қана қоймай, демографиялық жағына да кері әсерін тигізетіні тағы бар. Кейбір ерлі-зайыптылар көп уақыт бала сүйе алмаудың салдарынан ажырасып та кетеді. Ал өзгелері сонда да үміт үзбей дәрігерлерге жүгініп, олардан қуанарлықтай нәтиже болмаса, табандарын тоздырып, тәуіп пен емші-молдаларды жағалайды. Егер олардың да шипасы тимесе, әулие аралап, бастарына түнеп те жатады. Одан қалса өздерінің білетін немесе өзгелердің айтуы бойынша түрлі ырымдарды жасайды. Солардың бәрі болмаса да, бақтарына қарай біразының бөпе сүю бақытына бөленгендері де бар.

Мұны айтып отырған себебім, көп адам біле бермейтін осыған байланысты ырымдардың ерекше бір түрі жөргек жөнінде болмақ.

Мен көпбалалы отбасынанмын. Біздің анамыз алтын алқалы батыр ана. Өкінішке қарай, асыл анамыздың өмірден озғанына биыл 27 жыл болды. Ол кісі біздің ғана емес, баршаның анасындай болды десем артық айтқандық болмас. Себебі, анамыз ешкімнің ала жібін аттамастан ақ жолмен жүріп, адал еңбек етіп қана қоймай, бар білгенін кейінгілерге үйретіп отыратын және қолынан келсе ешкімнен көмегін аямайтын қайырымды да кеңпейіл, парасатты да сымбатты жан еді. Сонымен бірге қашан және қай мезгілде болсын мұсылман әйеліне тән жабық киінетін әрі боянған кезін көрген емеспіз. Бауырмашылдығы сонша жүзге де, руға да, тіпті, ұлтқа да бөлінуді білмейтін. «Бауырым!» деп адамзаттың бәрін сүйетін, құшағына қысатын. Бір сөзбен айтқанда тек жақсы жағынан ғана үлгі болып, келте ғұмырында артынан жаман сөз ілестірмей алғыс арқалап өтті.

Анамыз, сондай-ақ, халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері мен ырымдарын да жақсы білетін. Сондықтан көпшілік анамызды қатты құрметтейтін. Жаңа туылған балаларына немесе немерелеріне ат қойғызатын, қырықынан шығартатын, бір жасқа толса тұсауын кестіріп, ақ батасын алатын. Кейде түрлі ақыл-кеңес те алып тұратын. Одан қалса, кейбір қыз-келіншектер үйге келіп «Құндызай апа, бізге де Сіздің жолыңызды берсін!» деп анамыздың батасымен қоса, ұнаған киімін немесе басқа бір бұйымын ырымдап алып кететін.

Бірақ анамыз өмірде көп қиындық көрді. Отбасының ауыртпашылығы да көбіне анамызға түсті. Соның зардабынан денсаулығы қатты мазалап, жиі сыр беріп жүрсе де «Алла алдындағы басты парыздарымның бірі» деп ғұмырының соңғы он жылында үзбей ораза ұстап, намаз оқып кетті. «Құрметті адам өлгенде де құрметті» деп Мұқағали айтқандай, ардақты анашым дүние салғанда қанша адамның жиналғанын әрі білдірген жылы лебіздерін және қимастықпен соңғы сапарға қалай шығарып салғандарын бір сөзбен айтып жеткізу қиын.

Енді жөргекке келер болсам, бірде анашыма Сәбит пен Сәуле деген ерлі-зайыпты жастар келді. «Құндызай әпке, сіз өмірде көп нәрсені білесіз ғой. Ниетіңіз ақ, аузыңыз да дуалы әрі көп бала тәрбиелеп, бірнеше немере сүйіп отырған алтын құрсақты анасыз. Біздің үйленгенімізге үш жылдан асты. Әлі бала сүйе алмай келеміз. Дәрігерлерге де, тәуіп, молдаларға да бардық. Бірнеше ырымды да қолданып көрдік. Әзірге оңды нәтиже болмай жатыр. Бір кісілер сізге барып жөн сұрауға кеңес берген соң, үмітпен келіп отырмыз. Біз де бала сүйіп, ата-ана атанғымыз келеді. Бізге не дейсіз және не көмегіңіз бар?» деді мұңайып. «Мен емші, тәуіп немесе дәрігер емеспін. Мен бар болғаны балабақшада жұмыс істеймін. Бірақ, алдыма келген соң, бар білетінімді аянбайын. Көпбалалы үйге барып, сәбилеріне қолданған жөргектерінің біреуін сұрап алып, өздеріңнің жатын бөлмелеріңе апарып қойыңдар. Бірақ, жөргекті берген үйдің иелері шын ниетпен, ізгі тілекпен бергені дұрыс. Немесе балалар дүкенінен бір жөргек алып, бар тілектеріңмен апарып қойыңдар. Сонда жөргек періштедей кіршіксіз нәрестені орағысы келіп, сол үйге сәбидің келгенін қалап тұрады. Бұл дәлелденген ырым. Өйткені, менің анам осы ырымын өздерің сияқты бірнеше ерлі-зайыптыға сынақ ретінде байқап көрген. Жүзеге асып, балалы болғандарына біз де, жұрт та куә», деді анам.

Сонда әлгі жас жұбайлар: «Ақыры бұл ырымды өзгелер емес, өзіңіздің анаңыз ойлап тапқан екен, ендеше, өзіңіз балаларыңызға немесе немерелеріңізге қолданған жөргектердің бірін ақтілеу батаңызбен бірге беріңізші. Бізге де жұғысты болсын», деп шешеме жата жабысты. Бала десе ет-жүрегі елжіреп кететін бала көңілді анам мейірімді жүзі одан сайын нұрланып, кішкентай бүлдіршіндердің киімдері тұратын жерден сәбидің жұпар иісі аңқыған аппақ жөргегін ақ ниет, оң қолмен алды да ерлі-зайыптыларға ұстаты. «Сендер осы жерден шыққан соң, ешқайда бұрылмай алдымен Алланың үйіне барыңдар. Бірақ, дәрет алып барыңдар. Барған соң Жаратқанға жалбарынып, дұға етіңдер, бала сұраңдар. Алла мейірімді, Алла ұлық. Әуелі жәрдем де, шипа да Алла тағаладан. Бәлкім бұл сендерге сынақ шығар? Әлі-ақ, сендер де бала сүю қуанышына кенелесіңдер. Бәрі Алланың қолында. Біз жәй себепшіміз», деді. «Қуыс үйден құр шықпа деген» деп, Сәбиттің басына қазақи ою-өрнегі бар ақ тақия кигізіп, Сәуленің иығына ақ орамал жапты да: «Тәңірім сендерге ақсақалды ата мен ақжаулықты апа болуға жазсын! Айналайындар, ләжі болса әрдайым таза жүріңдер, адал болыңдар» деп ақ батасын беріп, жылы шығарып салды.

Арада бір жарым-екі ай өткенде үйімізге Қалдан мен Халима деген ерлі-зайыптылар келді. Қастарында мектеп жасындағы кішкентай балалары бар. Анам жұмыстан келіп, кешкі астан кейін қолөнермен айналысып жатқан. Олар амандық-саулықтан кейін келген шаруаларын бастан-аяқ баяндап берді. Қысқа қайырып айтар болсам, Қалдан мен Халима қосылып, шаңырақ көтерген соң, тоғыз ай, тоғыз күннен кейін Есімхан есімді ұлдары өмірге келіпті. Екі жылдан кейін дәрігерлердің болжауынша Халима қыз босануы керек екен. Өкінішке қарай, ол нәресте шетінеп кетіпті. Одан кейін арада  төрт жыл өтсе де Халиманың жатырына бала бітпепті. Олардың да бармаған жері қалмапты. Егер бұдан кейін перзент сүймесе, балалар үйінен  бір қыз асырап алмақ ойлары да бар екен. Сонымен не керек, «үмітсіз шайтан» демекші, олар да біреулердің жөн сілтеуімен анамды іздеп келіп отыр екен. Ақжарқын анам олармен де шынайы сырласып, жөргекті қайда және қалай қою керектігін толық түсіндіре келе, бұл жолы немересінің жөргегін сыйға тартып, ақ батасын берді.

Уақыт зымырап өте берді. Анам той-томалақтар мен түрлі басқосуларда біреулер бала көтере алмай жүрген әйелдер жайлы әңгіме қозғай қалса немесе кішкентай балалардың шілдехана, бесік той, тұсаукесер, тілашар, сүндет тойларында отырғанда үйімізге келіп, жөргек алып кеткендер есіне түсіп, соларға сырттай тілектес болып жүріпті.

Бір жыл өткенде Сәбит пен Сәуле, одан үш айдан кейін Қалдан мен Халима анама келіп, перзент сүйгендерін жүректері жарыла жеткізіп, алғыстарын айтты. Сол кезде өзінің келіні немесе қызы босанғандай қуанғанын көрсеңіз ғой анамның! Шіркін, қашан да ананың аты ана ғой…

Бұл менің есейіп, ес білгенде көзбен көріп, куә болған жөргек жайлы  ырымның игі нәтижесінің бірнешеуі ғана. Мақтағаным емес, бұған дейін де, кейін де анамның қай жағынан болса да талайға шарапаты тигенін білемін. Үлкендер оның иманды қыз, инабатты келін, адал жар, аяулы ана болғандығын әлі де аңыз қылып айтып жүр.

Егер менің сәл де болса ақыл-есім толығысып ержеткен шағымда анам тірі болғанда халқымыздың әлі де көп адам біле бермейтін әдет-ғұрып, салт-дәстүр, жақсы ырымдары, отбасы тәрбиесі жайлы деректі де керекті әңгімелері мен нақыл сөздерін, бала күнімізде бізге айтып берген қызықты да тәрбиелік мән-мағынасы зор ескірмейтін ертегілерін, ауырып қалған үлкенді-кішілі балаларға жасаған шипалы ем-домдарын, басқа да пайдалы кеңестерін жазып алып, елдің игілігі мен ризашылығы үшін жариялар едім. Бәлкім мұндай дүниелер кейінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін және кейбір адамдардың өмірлерінің жақсы жаққа өзгеруіне ықпалын тигізер ме еді? Әттең…

Енді жөргекке қайта оралар болсам, менің жекжаттарым мен өмір жолында танысқан жора-жолдастарымның арасында да көптен бері сәби сүйе алмай жүргендері бар еді (аты-жөндері құпия болып қала берсін). Соларға да нағашы апам мен анамнан қалған жөргекке қатысты ырымды және оның ертеректе өзім көрген нәтижесін айтып едім, үзілгелі тұрған үміттері, сетіней бастаған сенімдері қайта жанданып, нардай наныммен істеп көрді. Нәтижесінде ырымның ырысы артып, жөргектің жұпары аңқып, біреуінің перзентін перзентханадан шығаруға туыстарымен бірге біз де бардық. Енді бірінің үйіне шақалақты қырықынан шығарғаннан кейін құтты болсын айтып барып, тойлағанымыз  әлі есімде. «Қайғыны бөліссең азаяды, қуанышты бөліссең көбейеді» демекші, соңғы кездері біздің бала сүюден үмітіміз үзіле бастап, көңіліміз күңгірт тартып жүргенде Бақытжан бауырымыз мұңымызды бөлісіп еді, енді, міне, қуанышымызды бөлісіп, құтты қонақтарымыздың бірі болып төрімізде отыр. Ниеті ақ екен. Тілегі де қабыл болды, ырымы да өмірімізге шуақ сыйлады. Бақытжанға, анасына мың рақмет! Алла разы болсын!» деген алғыстары құлағымнан, қуаныштан аққан көз жастары көз алдымнан кетер емес. «Қарап тұрсақ қазақта ырым көп. Бірақ, жөргек туралы ырымды білмейді екенбіз және бұрын соңды естімеппіз. Енді бұл ырымды басқа да бала сүйе алмай жүрген жандарға айта жүреміз», деген еді ата-ана атанып, бастары бақыттан айналған, шаңырақтары шаттықтан тербелген әлгі ерлі-зайыптылар.

Жөргек ырымы жайлы айтып отырған себебім, сәби сүю бақытына қолдары жете алмай жүрген жандар көп шығар, бәлкім? Аталмыш ырымнан кейін олардың да балалы болмасына кім кепіл? Сондықтан да апам мен анамнан қалған және көп жанға көмегі тиген бұл ырым туралы көпшілікпен бөлісуді жөн көрдім.