11 мыңнан астам адам үйлеріне оралды

0 29

Су тасқыны басталғалы бері 107465 адам, оның ішінде 38627 бала қауіпсіз жерлерге жеткізілді, 11786 адам үйлеріне оралды. Уақытша орналасу пунктеріне 7598 адам, оның ішінде 3288 бала  орналасты. ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш ОКҚ брифингінде осындай мәліметтерді жариялады.

Сондай-ақ 9,4 миллион текше метрден астам еріген қар суы сорып шығарылып, 2 млн қапшық пен 1,2 млн тоннадан астам инертті материал төселген. Бүгінгі таңда авариялық-құтқару жұмыстарында 32484 адам,  3709 техника, 14 әуе кемесі жұмылдырылып отыр. Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 4870 жеке тұрғын үй, 1517 аула аумағы және 2035 саяжай үйлері су астында қалуда.

«Жедел желі» телефондарына 1667 қоңырау келіп түсті, 123 шұғыл психологиялық көмек көрсетілді. 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс атқарып жатыр. Еліміздің 8 өңірінде: Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 36 ТЖ әрекет етуде», деді спикер.

ТЖМ азаматтарды аса мұқият болуға, су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтауға, үйлерден және эвакуациялау пункттерінен тиісті рұқсатсыз кетпеуге шақырады.