Шуақты Шудың шежіресі

0 36

Аудандық орталық кітапханада кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен жерлесіміз, шығыстанушы, мәмлүктер тарихын зерттеуші, арабтанушы Қайрат Сәки Ұзақұлының «Шуақты Шудың шежіресі» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Автордың ағайын-туыстары, іні-бауырлары, замандастары, сыйлас ел ағалары қатысқан жиында жаңа кітаптың лентасын ауданның Құрметті азаматтары Мақсат Сейдалиев пен Мұратхан Естаев қиды.

Кітап авторы туралы ауданның Құр­метті азаматы Мұханбетқұл Сабыров ой-пікірін айтып, иығына шапан жапты. Еңбек ардагері Мұқатай Алыпбаев жазушының өнегелі өмір жолына тоқталды. Қайрат Сәки 1957 жылы Жамбыл об­лысы, Шу ауданында дүниеге келген. Қазақ орта мектебін бітірген соң, әскер қатарында болған. 1986 жылы әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінің араб тілі бөлімін үздік аяқтаған. 1984-1985 жылдары Иордания университетінің Араб тілі орталығында оқыған. 1987-1990 жылдар аралығында Иракта араб тілінің аудармашысы болып жұмыс істеген. 1991-1993 жылдары Мәскеу университетінің Азия және Африка елдері институтының аспирантура алды дайындығынан өткен.

1993 жылдан 2020 жылдың қараша айына дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі жүйесінде жұмыс істеді. Еліміздің Египет, Сауд Арабиясы БАӘ, Оңтүстік Корея, Кувейттегі елшіліктері мен консулдықтарында түрлі дипломатиялық қызметтер атқарды. Сондай-ақ Араб елдерінің ортағасырлық тарихында елеулі із қалдырған түркі тайпалары тақырыбын зерттеумен ай­налысады. Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі, ҚР дипломатиялық қыз­метіне еңбек сіңірген қызметкер.
2023 жылдан бастап Египет ислам мәдениеті университетінің Байбарыстану орталығының жетекшісі.

«Шуақты Шудың шежіресі» өлкетану шығармасы болып табылады. Кітаптың тарауларының басым көпшілігінде Шу-Мойынқұм жері, халқы, қазақ хандығының құрылуы, Абылай хан заманы, қазақ-қырғыз соғыстары, Қоралас Жауғаш батыр, Қоқан үстемдігі, Хан Кене, орыс бодандығы, 1916 жылғы көтеріліс, Кеңес үкіметінің орнауы, Түркісіб құрылысы, жаппай ашаршылық секілді Шу бойында орын алған оқиғалар баяндалады.

Ашаршылық, соғыс тараулары оларды бастан кешкен ата-баба­лары­мыздың естеліктері негізінде жа­­зылған. «Біздің көше» тарауында бұрынғы Новотройцк селосының ба­тыс жағындағы көшелерде тұрған үлкендер тағдыры сөз болады. «Жеті ата», «Шарап пен шөп», «Тәуелсіздік» тараулары автордың жеке бақылау­лары болса, «Дипломатиялық парақ» және «Киіз кітап» тараулары автордың отбасы және ғылыми ізденістері туралы жазылған.

Кітап Шу-Мойынқұм өңірінің та­рихына қызығушылығы бар оқырман қауымға арналған.

Кеш қонақтары автордың жаңа кітабында баяндалатын ұлағатты ой­лардың, ұлттық құндылықтар мен рухани дүниелердің маңыздылығы, өскелең ұрпаққа берер мол тәрбиесі мен өнегесі жайында ой қозғады.