Сұрымда медициналық пункт ашылды

0 31

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы шеңберінде Қызыларық ауылдық округіне қарасты Сұрым ауылында бес келушіге арналған медициналық пункт ғимараты салтанатты түрде ашылып, халық игілігіне пайдалануға берілді.

Медициналық пункт ғимараты жобасының мердігері — «Нұртұрсын» ЖШС, жобаның құны  120,2 миллион теңгені құрайды. Ғимарат құрылысы өткен жылы басталған болатын.

Жаңа медициналық пункт ғимаратының ашылуында сөз сөйлеп, ауылдықтарға қолжетімді медициналық көмек алуда сәттілік тілеген облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова мен Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза нысанның халыққа көрсететін қызметінің деңгейі жоғары болатындығына сенім білдірді.

Ауыл қариялары мен барша тұрғыны өздеріне көрсетіліп отырған медициналық көмекке алғыстарын білдірді.

Қысқа мерзімде салынып, пайдалануға беріліп отырған денсаулық сақтау нысаны заман талабына сай сапалы қызмет көрсетуге қажетті арнайы жабдықтармен, тиісті құрал-саймандармен толық қамтылған. Бөлмелері кең, жылы, әрі жарық.
Ең бастысы ауырып, ем іздеп келген жандарға алғашқы медициналық көмек көрсетуге барлық жағдай қарастырылған.