Ерікті қоныс аударушылар үшін мүмкіндік

0 23

Өңірлік теңсіздік проблемасы бүкіл әлемде бар. Мұндай жағдай Қазақстанға да тән. Сондықтан да елімізде өңірлер арасындағы айырмашылықты қысқарту үшін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба әзірленген.

Жобаның басты мақсаты – республика тұрғындарының ең негізгі проблемаларын шешу болып табылады. Осы орайда, Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданынан арнайы делегация келіп, аталған жоба аясында солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы туралы түсіндірді. Қызылжар ауданының «Қандастар мен қоныс аударушыларды бейімдеу және интеграциялау» бөлімінің басшысы Гүлғайша Ильясованың айтуынша, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған отбасылардың әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни, 258440  теңгеден бірреттік көмек беріледі екен. Сондай-ақ, оларға тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер үшін қалалық жерге қоныстанса бір адамға 73840 теңге, ал ауылдық жерге қоныс аударса бір адамға 55380 теңгеден төленеді екен. Сонымен қатар ипотекалық бағдарлама аясында үйді сатып алу кезінде үйдің 50 пайызы, 1160 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни, 4282720 мың теңгеге дейін ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлшегін жабу, тұрғын үйді сатып алу және салу үшін ақшалай төлем ретінде көмек беріледі.

Қызылжар аудандық Мансап орталығының директоры Кенжебай Бірімжанов Қызылжар ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстырып, мұғалім, дәрігер, мал дәрігері, зоотехник, агроном, механизатор сынды мамандықтар жетіспейтінін айтты. Егер ауданнан солтүстікке барып жұмыс істеймін деп ниет білдірген азаматтар, оның ішінде, жаңадан үйленген жас отбасылар болса, Мансап орталығының Меркі ауданы бойынша филиалына қайырылып, тиісті мәліметтерді алуға болады.