Бауыржан мен Рахымжан
Қазақ халқы есімдерін әрқашан ерекше мақтанышпен атайтын екі дара тұлға – Ұлы Отан соғысының ерлері Баукең (Бауыржан Момышұлы) мен Рахаңның (Рахымжан Қошқарбаев) өзара рухани байланысын, бауырмалдық-сыйластығын, өмірлерінің соңына дейін бір-біріне деген ерекше құрметтерін көпшілік қауым біле ме екен? Қазақтың бұл екі перзентінің есімдері көпшілікке жақсы таныс болғанымен, олардың өмір-тіршіліктерінің әлі де ашылмаған, айтылмаған, қағаз беттеріне түспеген сырлары мен қырлары аз еместігін мойындауымыз керек. Әлі де талай естеліктер жазыларына еш күмән жоқ.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың Бауыржанға арнап жазған мынадай жыр жолдары бар:
Аға,
Саған, білмеймін не айтарымды,
Қай қырыңнан білмеймін байқарымды.
Көңілдегі ой көмейге кептелді де,
Түрмесіне кеудемнің қайтарылды.
Қайтерімді, білмеймін не айтарымды.
Жасқануды білмеуші ем, жалтаруды,
Heгe көңіл, білмеймін, ақтарылды?!
Ақ тұлпарым бар еді саған деген
Алып ұшпай ол неге аңтарылды?
Сен зәру емессің ғой құрметке,
Сырлы аяқтың сыны бар, сыры кеткен…!
Тонға емес, орамал жолға жарап,
Сый тартуды атамыз ырым еткен.
Тартар сыйым өзіңе болмағасын,
Белгілі ғой қасыңа жоламасым.
Ақ сұңқарым бар еді, ұшпай қойды,
Алсамдағы басынан томағасын.
Қылышымды суырып қынабынан,
Қыл қапқан жүзін көріп, жыладым-ау…
Жетімдердің кегі мен жесірлердің
Суарып ем суалған бұлағына.
Қайрап едім зауалдың шарығына,
Қақтап едім қан майдан жалынына.
Қынабына оны да жасырдым мен,
Керек болып жүрер деп халқыма.
Қынабына caп қойдым үмітпенен,
Оның несін жасырам бүгіп сенен.
Саған, аға, сақталған бір сый бар-ау,
Назарына ешкімнің ілікпеген.
Алтын да, алмас та емес жалтылдаған,
Бір сый бар, аға, саған, тартылмаған!
Ұрпақтар аңыз етіп айта жүрер,
Сыйдан да он есе артық даңқың маған.
Ешкімнің назарына ілікпеген,
Саған бір сый тартам деп үміттенем.
Жүрегімнің тапсырған аманатын
Бере алмай кетем бе деп күдіктенем.
Қандай сый тартсам екен, аға, саған,
(Білмеймін, жараспай ма, жараса ма?
Ешбір сый таба алмасам, аға, саған
Аппақ тонын – атамның тәбәрігін,
Жүзге кел деп арқаңа жаба салам.
Баукең жайлы халық арасында нешебір шыншыл және аңыз әңгімелер жыртылып айырылады. Оның барлығын айтып біту мүмкін емес.
Иә, Баукең де, Рахаң да көздерінің тірісінде-ақ аттары аңызға айналған, жалпы елдің шын ілтипатына, үлкен құрметіне бөленген, ұлтымыздың мол тарихынан бекем орын алған аптал, тұғырлы азаматтар. «Ел іші – кен іші». Ел аралай жүріп олар туралы қарақұлақ, құймақұлақ қарттардан сандаған естеліктерді, қызықты хикаяларды естуге болады. Өкінішке қарай, Кеңес дәуірінде сол екі батырдың майдандағы ерен ерлігі (талай рет ұсынылса да) дер кезінде бағаланып, «Кеңес Одағының Батыры» деген жоғары атақ берілмеді. Бірақ, Баукең де, Рахаң да оған ұнжығалары түсіп налымады, қапаланбады, сағы сынбады, қанаттары қайырылмады, жүндері жығылмады. Өйткені, оларға халықтың құрметінен, көпшіліктің сый-қошеметінен артық даңқ, биік атақ керек те емес еді.
Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рахымжан Қошқарбаевқа халық еш жарлықсыз-ақ көздері тірісінде-ақ «Батыр» деген ат беріп, есімдерін құрметтеп, сый-абыройға бөлегені белгілі. Қанша рет халық атынан қызыл Кремльдің «қожайынына» шын батырлардың ерлігін бағалап, Кеңес Одағының Батыры атағын беру сұранды. Тас-қамалдай олар міз бақпай, уақытты сағыздай созып, тиісті шешім қабылдамай, жылдарды өткізе берді. Базбір мәліметтер бойынша Баукең Кеңес Одағының Батыры атағына үш рет, генералдыққа төрт рет ұсынылған екен. Бірақ, соның бәрінде шовинистік саясаттың кесірінен өтпей қалған. Димекең – Дінмұхамед Қонаев та екі рет қатты кіріскенде КСРО Қорғаныс министрі А. Гречко “через мой труп” депті дейді. Ал екінші жолы тікелей Л.Брежневке өтініш жасағанда: “Димаш, тарихты қайта қарамай-ақ қояйық” деген жауап алыпты…
Дінмұхамед Қонаевтың Баукең басына құран оқыта келгенде айтқан мына бір әңгімесін журналист Қорғанбек Аманжол былай деп баяндайды: «Димекең кезекті бюро өткізіп, серіктерімен шығып келе жатса, дәлізде Баукең жолығады. Сонда Баукең Бюро мүшелерін тоқтатып, Орта Азия әскери округінің қолбасшысы генерал-полковник Лященконы нұсқап: “Димаш, вот с ним я вместе учился в военной академии. Тогда он был троечником, я был отличником. Сейчас я полковник, а он – генерал-полковник. Честь имею!” депті де аяғын бір-біріне тарс еткізіп соғып, бұрылып жүре беріпті.
Баукең академияда сабақ беріп жүрген кезінде кейін маршал, Қорғаныс министрі болған А.Гречко “Бауыржан Момышұлы лекцияны жақсы оқиды, бәрі жақсы-ау, тек акценті бар” деп сынап соқтыға беріпті. Бір рет тиісіпті. Екі рет. Үш рет. Сонда Баукең Гречконы орыстың тұздықты сөзімен әдемілеп сыбап салып, “Қанеки, осы сөздерімде акцент бар ма?” деп сұрапты. Болашақ министр қып-қызыл боп кетіпті. Осыған қарағанда Баукеңе Батыр атағын беру туралы ұсыныстардың Мәскеуден неге өтпегендігіне таңдануға да болмайды-ау» («Егемен Қазақстан», 23.02.2008).
Баукеңе 1990 жылдың 12 желтоқсанында республикамыздың жаңа басшысы Н.Назарбаевтың орталықты мойын бұрғызбас дәлелдер арқылы көндірумен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бүкіл қазақ халқы бұл ақжолтай хабарға «Тәуба! Әділдіктің таңы атып, жолы ашылды!» деп қуанышқа кенеліп, бір-бірінен сүйінші сұрасып жатты.
Ал Отан отқа оранған жылдары өріс алған партизандық қозғалыстың ұйымдастырушысының бірі, ерлігімен ел есінде қалған Қасым Қайсеновке еліміз егемендік алғаннан кейін көп ұзамай алғашқылардың бірі болып мемлекетіміздегі ең жоғары награда — «Халық қаһарманы» Алтын жұлдызы табыс етілді. Бұл мемлекет тарапынан ерен ерге деген орынды құрмет, ердің еңбегін бағалау еді.
Белгілі журналист Жанболат Аупбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған (22.05.2009) журналист-жазушы және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев туралы «Аманат» атты естелік мақаласында Ұлы Отан соғысының батыры Рахымжан Қошқарбаев жайлы мынадай мәліметтер кездестірдік (К.Қазыбаев кезінде майдангер Рахымжан Қошқарбаев туралы тың деректер жинап, көптеген мақалалар, очерктер мен повестер жазып, ердің есімін елге жеткізген болатын): «…Рейхстаг қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевты маған (К.Қазыбаевқа — автор) тауып берген Баукең, Бауыржан Момышұлы! Бұл кісінің бәйбішесі Жамал 50-ші жылдардың бас кезінде өзіміз жұмыс істеп жүрген «Лениншіл жаста» машинистка еді. 1956 жылдың көктемінде апамыз Баукеңнің Мәскеудегі әскери қызметтен біржола босап, Алматыға келгенін айтты да, біздерді батыр ағамызбен таныстыру үшін үйіне шақырды. Содан бастап ол кісінің (Баукеңнің — автор) назары маған мықтап ауғанын жасырмаймын. Кейін тіпті батырдың үлкен баласындай болып кетіп, Орынша апаңа үйленуге сөз байласқан кезімде оны сол үйге келін етіп түсіріп, батасын алған да жайым бар.
Сол Бәукең, аруағыңнан айналайын асыл ағам, бір күні үйіне шақырды. Айтқан әңгімесі: өзіне соғысқа қатысқан бейтаныс жас жігіт сәлем беруге келіпті. Ал тапсырған шаруасы: менің соған міндетті түрде жолығып, оны газетке жазуымның керек екендігі.
– Білесің бе? – деді көзі ұшқын шашып, ширыққан Баукең. – Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Төрт жыл бойғы сұрапылдың небір сұмдықтары көз алдымда. Бірақ, Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын, ол – ақырзаманның нағыз өзі. Жаңағы жігіт сол тозақ отынның ішінде болған. Сол алапаттан аруақ қолдап, аман шыққан. Жеңіс жалауын тіккен! Тағдыр оның тарихи адам ретінде өмірбаянын сол сәтте жазған!!! Сендердің міндеттерің енді соны елге айтып, жалпақ жұртқа жеткізу».
Баукең осы сөздерді айтты да, қолыма тілдей қағазды ұстатты. Онда «Рахымжан. Рейхстаг қаһарманы! Странно… Соғыс біткелі 13 жыл. Ешкім іздемеген. Ахметжан Қойшығұловтың қарамағында жұмыс істейді», деп жазыпты. Мұны оқи сала болашақ кейіпкерімді ал кеп іздейін. Көп кешікпей оны таптым да. Аңқылдаған ақжарқын жігіт екен. Оңай тіл табыстық. Қайта-қайта барып, бес күндей әңгімелестім. Содан соң жазуға отырдым. Нәтижесінде 1958 жылдың 21 февралі күні «Лениншіл жас» газетінде «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» деген деректі очеркім шықты. Ол республика жұртшылығын дүр сілкіндірді. Ал редакцияға келген хатта есеп жоқ-тын…».
Шынында, Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен тұңғыш батыр екенін алғаш жалпы халыққа жеткізген журналист Кәкімжан Қазыбаев болатын. Сайып келгенде, бұл істің барлығы ұлтжанды азамат Бауыржан Момышұлының айтуымен болған іс еді. Баукең соғыстан кейінгі жылдары Рессейде – әскери академияда дәріс беріп біраз жыл бөгеліп қалмағанда Рахаңның майдандағы ерлігі, батырлығы көпшілікке ертерек танылған болар еді-ау деп ой қаузайсың. Солай болуы толық мүмкін еді…
К.Қазыбаев бүкіл шығармашылық еңбегін, ізденісін Рахымжанды, оның батырлығын үңіле, талмай зерттеуге арнаған қаламгер деп айтсақ қателеспейміз. Ол Р.Қошқарбаев жайында 150-ге жуық қызықты тың дерек тауып, оларды мұқият сараптап, терең саралап, көптеген мақалалар мен очерктер жазып, оқырманға жеткізді. Оның қаламынан туған «Отпен жазылған өмірбаян», «Тарылған тыныс», «Шешуші шабуыл» және де басқа очерктері мен «Кернеген кек», «Найзағайдай жарқылдап» деген повестері түгелдей Рейхстаг қаһарманы Р.Қошқарбаевтың өмір жолы мен оның майдандағы ерлігіне арналған, кезінде көпшілік жылы қабалдаған құнды деректерге мол еңбектер.
Мысалы, «Найзағайдай жарқылдап» деп аталатын повестінде Рахаңның батырлығы туралы жазуға Баукеңнің себепші болғандығы егжей-текжей баяндалады. Сонда Бауыржан Кәкімжан Қазыбаевқа былай депті: «Адам ерлік жасауды ешқашан жоспарламайды. Ерлікті туғызатын сәт болады. Адамның асыл қасиеті де, жасық қасиеті де соғыста, тап сондай сәтте көрінеді. Мұндай сәт адамның ғұмыр-ғұмырына, керек десең, ұрпақтан-ұрпаққа кететін өмірбаян, өсиет болып қалмақ. Рахымжан – сондай сәтте асыл қырынан көрінген азамат. Ол қыры – жасаған ерлігі. Тағдыр оның нағыз өмірбаянын сол сәтте жазды. Оның өмірбаяны отпен жазылған өмірбаян. Осыдан артық сендерге, журналистерге, атаңның басы керек пе?!».
Баукеңнің бұл сөзін естіген Кәкімжан Рахымжанды іздейді, кездеседі, жазады. Оған дейін Рахым Қошқарбаевтың Рейхстагқа Жеңіс жалауын тіккен батыр екенін санаулы адам ғана білген екен. Журналистпен алғаш кездескенде Рахымжан аға «…1946 жылдың 9 майынан кейін ләм-мим деп ешкім аузын ашқан жоқ. Содан бері көріп тұрған тілшім, тіпті қазақ баспасөзінен көріп тұрған бірінші адамым – өзіңсің», деген екен таңғалыс білдіріп. Бірте-бірте К.Қазыбаевты майдангердің ерлігі қызықтырып, түрлі-түрлі тың деректер жиып, бүкіл өмірлік шығармашылығын қазақтың хас батырына арнайды. Кәкімжанның жазғандарын Баукең өзі қадағалап, қажет болған сәттерде ақыл-кеңес беріп отырған. Сөйтіп, Бауыржан Момышұлының арқасында майдангер Рахымжан Қошқарбаевтың Ұлы Отан соғысындағы ерлігі жалпы елге танылды, құрметке бөленді.
…Әлі есімде, 1969 жылы Алматыға барып, медицина институтына түстім. Сабақ басталғанына бірер күн өткен. Деканымыз профессор Ханиса Қанышқызы Сәтбаева лекциядан кейін біздің 22-23 группаның студенттерін жиып алып, үш күн сабақтан босатылып, жаңадан пайдалануға берілгелі жатқан «Алматы» қонақүйінің қызметкерлеріне көмекке баратынымызды айтты.
Ертеңіне таңертең қонақүйдің алдына елушақты студент жиналдық. Біздің топты күтіп алған жас келіншек қонақүй директорының кабинетіне алып келді. Жолай: «Директорымыз – Рейхстагқа ту тіккен қазақ Рахымжан Қошқарбаев. Ол кісінің ерлігі жайлы хабардар боларсыңдар…», деді. «Иә, білеміз.., оқығанбыз!..» деп біразымыз шу ете қалдық. Кең кабинетке ендік. Қара костюмы мен ақ көйлегі, мойнына байлаған галстугы бойына жарасқан, шаштары көмірдей қара, келбетті ер тұлғалы азамат орнынан тұрып, қарсы алды. Біздің әрбірімізбен жеке-жеке танысып, «Қарақтарым, жұмыс көп болып, үлгере алмай жатырмыз. Сондықтан, сіздерді көмекке шақыруға тура келді. Қонақүйге арналған көптеген жиһаздар келіп түсті. Соларды бөлме-бөлмеге орналастырып, терезелерге перделер ілуіміз керек. Қыздар жағы перделерді іліп, терезелерді жуса, ұл балалар әлгі жиһаздарды лифт арқылы жоғарғы қабаттарға көтеріп, бөлмелерге орнату керек. Міне, бұл сіздердің алдарыңызда тұрған басты мақсат, атқарар жауапты іс. Үш күнгі тамақтарың біздің қонақүйдің есебінен – таңертеңгілік, түстік, кешкі асты біздің асханадан ішесіздер. Өйткені, сендер студенттерсіңдер ғой. Ал студенттердің жайы бәрімізге аян. Қазір асханаға барып, шай-пай ішіп алыңдар, содан кейін жұмысқа кірісесіңдер. Барлығыңызға түсінікті ме? Онда іске сәт!» деді. Рахымжан аға бізді осылай жылы шырай танытып, жақсы қабылдады. Үш күн бойы мезгіл-мезгіл өзі аралап, біздің атқарып жатқан ісімізге көңілі толып, ризашылық сезімін білдіріп жүрді. Сонда байқағанымыз, Рахымжан аға өте қарапайым, өмірде өз ұстамы бар парасатты, жаны жайсаң, дархан мінезді, кішіпейіл жан екен…
1991 жылы «КСРО» деген атымен бүкіл әлем елдерін үркітіп келе жатқан Кеңес Одағы саяси дағдарысқа ұшырап, күнге күйген бөздей ыдырап, еліміз ғасырлар бойы халқымыз армандаған егемендікке ие болды, көгімізде Көкбайрағымыз желбіреді. Көп ұзамай-ақ атақты партизан-жазушы Қасым Қайсеновқа кескілескен соғыста көрсеткен ерен ерлігі үшін «Халық қаһарманы» құрметті атағы берілгені жайлы жоғарыда айтып өттік. Содан кейін-ақ көпшілік арасында «Рахымжан Қошқарбаев неге атақсыз қалды?» деген сөз жиі естіле бастады. Халық алмайтын қамал жоқ. Содан, 1999 жылдың Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысында көрсеткен ержүректілігі, батырлығы үшін Рахымжан Қошқарбаев ағамыз «Халық қаһарманы» деген жоғары атаққа ие болды. Бұл қуанышты хабарды естігендер «Рахымжан Қошқарбаев қандай атаққа болса да әбден лайық азамат!» деп қолдап, қызу пікір білдіріп жатты. Сөйтіп, ердің ерен батырлығы бағаланып, кезінде «Кеңес Одағының Батыры» деген атаққа ұсынылып, онысы базбір себептермен іске аспай қалса, енді еліміздің егемендік алған кезеңінде көпшіліктің тілегі орындалды.
Жұрт екі Батырдың есімдерін ардақтап, құрмет тұтып, аттарын мектептерге, көшелерге берді. Баукеңнің шыр етіп дүниеге келіп, кіндік қаны тамған Жуалы ауданының орталығы Боранды (Бурное) ауылы бұл күндері Бауыржан Момышұлы ауылы деп аталады. Тараз-Ташкент автотрассасында – үлкен жолдың бойында 2006 жылы Баукеңнің еңселі ескерткіші бой көтерді. Тараз қаласының орталық алаңында (театр алдында) да Б.Момышұлының көрнекті ескерткіші орнатылған болатын, ол ескерткіш 2018 жылы «Жеңіс» саябағына қоныс аударды. Қазір ол Ұлы жеңістің символы болып, алыстан көз тартады. Ал елордамыздың 10 жылдығына орай жамбылдықтар бас қаланың көрікті бір скверіне батыр Баукеңнің ескерткішін орнатып, астаналықтарға тарту етті.
Алматыдаға Б.Момышұлы атындағы республикалық әскери мектепте жүздеген жас бүлдіршін балалар дәріс алып, машықтанып, тәрбие көріп, өздерін «біз бауыржандықтармыз» деп орынды мақтаныш етеді. 2010 жылдың басында, Росейдің астанасы Мәскеудегі бір мектепке КСРО батыры, жазушы-майдангер, қазақтың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының аты берілді.
Белгілі ғалым-филолог, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Мекемтас Мырзахметовтың басшылығымен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеттің жанынан Бауыржантану әдеби-зерттеу орталығы ашылып, оның қызметкерлері халқымыздың хас батыры, әскери жазушы, публицист Б.Момышұлы жайлы құнды тың деректер жинастырып, сараптап, 30 томдық шығармаларын дайындап, баспадан шығарды. Түрлі-түсті әшекейлі фотоальбом «Өркен» баспасынан жарық көрді. Мәскеуде де көлемді кітап шығарып, көптеген игілікті істер атқарды.
…Қазақтың ардақты қос батыры Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаев айбынды Алатаудың бөктеріндегі «Кеңсайда» мәңгілік тыныштық құшағында аға-інідей қатар жатыр. Оларға баратын соқпақ жол келушілерден қысы-жазы бос болған емес. Әлі де солай бола бермек. Өйткені, қазақтың ержүрек батырлары Бауыржан мен Рахымжан ағалардың туған халқы үшін, кейінгі жас толқын ұрпақтары үшін ел алдындағы ерен өнегесі таусылмақ емес!