Таразда білім саласына 70 млрд теңгеден астам бөлінген

0 32

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова баспасөз мәслихатын өткізіп, білім саласындағы атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Қаланың білім беру саласында 223 білім мекемесі жұмыс істесе, олардың 115-і мемлекеттік мекеме, 108-і жекеменшік. Бүгінгі күні қаладағы жалпы білім беретін 86 (мемлекеттік — 63, жекеменшік — 22) мектепте 85 мыңнан аса оқушы білім алуда.

Раушан Қожамжарова білім беру саласына 2024 жылы 71084 млн. теңге бөлінгенін, жыл соңына дейін 7 білім нысанының құрылысы аяқталады деп жоспарланып отырғанын жеткізді. Айта кетейік, 2023 жылы 2 мектеп (№62, №64 ОМ) пайдалануға беріліп, «Барысхан», «Ұлы дала» жаңа алаб тұрғындары қолжетімді біліммен қамтамасыз етілген және оқушы орны тапшылығы бар бір мектептің мәселесі шешілген.

– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Бәйтерек», «Ұлы дала» мөлтек аудандары мен «Шөлдала» алабында 4 мектеп құрылысы жүргізілуде. Жоба аясында берілетін мектептердің есебінен №3 мектеп-лицейдегі үшауысымдылық, №55 орта мектептегі оқушы орын тапшылығы жойылады деп жоспарлап отырмыз, – деген Раушан Пернешқызы қауіпсіздік шаралары қашанда бақылауда болатынын тілге тиек етті. Білім мекемелері 100 пайыз ішкі және сыртқы бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етіліп, полиция департаментінің басқару орталығына қосылған. Өткен жылы қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында 88 мекемеге турникет орнатылған. Биыл 6 мектептің екінші ғимаратына және №52 мектепке турникет орнату қарастырылып отыр.

Сонымен қатар брифинг барысында көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен, киім-кешек, жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге жалпыға міндетті білім беру, оқушылар тасымалы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмаған балаларға әлеуметтік қолдау көрсету, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету, білім саласындағы жетістіктер туралы айтылды.

Баспасөз мәслихатының соңында БАҚ өкілдері спикерге сұрақтар қойып, тұщымды жауаптар алды.