«МЫҢ БАЛАНЫҢ» МАҢЫЗЫ МЕН МАҚСАТЫ

0 22

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов пен басқармаға қарасты «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми практикалық орталығының директоры Майра Есеналиеваның қатысуымен ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық олимпиадасын ұйымдастыру және өткізу туралы баспасөз мәслихаты өтті.

Оқу-ағарту министрлігі мен «El Umiti» қоры корпаративтік қоры серіктесе отырып, бесінші рет өткізейін деп отырған «Мың бала» олимпиадасы ауылдық жерлерде білім алатын дарынды балаларға жасалып жатқан үлкен мүмкіндік десек артық айтпаймыз. Осы уақытқа дейін жоба арқылы 671 мыңнан астам оқушы өз бақтарын сынап, 4000-ы жеңімпаз атанып, қазіргі таңда 1374 оқушы дарынды балаларға арналған мектепте білім алуда.

«Олимпиада өңіріміздегі ең ірі және маңызы жоғары жобалардың бірі екенін атап өткім келеді. Бұл олимпиада – ауыл оқушылары арасында ғана өткізілетін, оларға қосымша әлеуметтік лифт болатын ауқымды жоба. Сол себепті, біз «Мың бала» олимпиадасына мұғалімдер мен ата-аналардың, оқушылардың назарын баса аударғымыз келеді. Өз тарапымнан өңірімізде ауыл оқушыларының олимпиадаға қатысуы үшін қажетті барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді», — деді Рауан Садырқұлов.

Брифинг барысында спикер Майра Есеналиева олимпиада бойынша қысқаша анықтама беріп, қай уақытта, қандай платформалар арқылы тіркелу керек екенін, қанша оқушы өтінім жіберіп, биыл бақтарын сынайтынын, жобаның ережелері мен кезеңдері, артықшылығы мен берер ұшан-теңіз пайдасын айтты.