Алланың ең ардақтылары – тақуалар

0 29

Айлардың сұлтаны саналатын қасиетті Рамазан айының алғашқы жартысын артқа тастадық. Осынау қасиетті айымызда барша мұсылман қауымы Алла Тағалаға сансыз шүкіршілік айтып, құлшылығын еселеп, ішіп-жеуді уақытша болса да тәрк етіп, шайтани жаман қалауларын тиып, періштелік жақсы сезімдерін жетілдіру қамында жүргендері, Жаратқан иемізге жалбарынып, дұға-тілектерін арнап жатқандары аян. Нәпсіні, ашуды ақылмен басқаруда, жүректерге иман ұялатуда ғаламат игі әсерін тигізетін, бойымыздағы жақсы қасиеттерді өз деңгейінде бақылауды үйрететін ең ұлы ғибадат – ораза екендігі ақиқат. Ораза – жүректің кемелдігіне жеткізетін ай. Жүрегін таза ұстаған, Аллаға ең жақын адам нұқсандық пен қателіктерден арылған кәміл адам болады.

Құран осы айда түскендіктен Рамазан айы «Құран айы» деп те аталады. Осы Құранда мынадай аяттар бар. «Уа, иман еткендер! Өздеріңнен бұрыңғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер». / «Бақара» сүресі, 183 аят./ Аса мейірімді Алла Тағала бұл аятта ораза ұстау бұйрығының себебін «…тақуа боларсыңдар» деген сөзбен түсіндіре білгені неткен ғажап. Яғни, ораза ұстаудағы мақсат – аш жүру емес, тақуалыққа жету болып отыр. Күнә  атаулыдан барынша сақтанып, жаман істерден арылуға бастайтын, жақсылыққа жетелейтін тақуалық деңгейі – мұсылманшылықтың биік сатысы десек болатын шығар.

«Ораза ұстаған адамның екі қуанышы болады. Оның бірі  – ауыз ашар кезінде, екінші қуанышы – Раббысымен қауышқан шағында» делінеді пайғамбар хадистерінде. Ораза айында  таңнан кешке дейін ауыз бекіткен мұсылманның ауыз ашарға асығатындығы заңдылық. Көп мұсылманның бірі болып ағайын-туыстардың  ауыз ашарына барып тұрасың. Жамағатпен бірге Аллаға құлшылық жасаймыз, сол арқылы адамдық абыройға бөленеміз. Сондай күндердің бірінде жолға шығып, көлік тоқтатуға тура келді. Рульде отырған мұсылман баласы сөзге келместен бізді межелі жерімізге апаруға келісімін берді. Өзара әңгіме-дүкен құрып, жөн  сұрастық. Ауыз ашарға бара  жатқанымды жеткіздім. «Оразаңыз қабыл болсын» деген тілегін қабыл алдым. Көліктен түсер кезде әлгі жүргізуші жігіт ұсынған ақшамды алмады. «Рамазан айы мейірім мен қайырым айы ғой, аға. Бір жолға алмай-ақ қойсам болатын шығар», деп қолымды қайтарды. Тіпті, қарсылық білдірді. «Жолақымды бермесем, маған қарыз болады, інім», деп ақшамды қалдырып кеттім.

Міне, Құдайдан үміті бар, жүрегінде иманы бар адамның бұл қылығына өте риза болдым. Пайда мен дүниеқұмарлықты тәрк етіп, мұсылманның мұсылманға деген бауырмалдығына тәнті болдым. Мейірімді болған адамға Алла да мейірімділік танытады.  «Ізгі істерде, сондай-ақ тақуа болу мәселесінде бір-біріңе жәрдемдесіңдер!» делінеді Құран кәрімде. / «Мәида» сүресі, 2 аят./

Жүріп-тұруымыз көп болғандықтан такси қызметіне жүгінеміз. Соларды шақырып, барар жерімізге жетіп аламыз. Таразда Нұрахан есімді таксиші жігітті көптен бері білемін. Бүгінгідей алмағайып заманда елге көрсетіп жүрген қызметі  айтуға тұрарлық.  Алланың адалынан  әрі  көркем мінезді етіп жаратқан болмысына қарап, тақуалардың қатарынан көргендей боламын. Қызметінің сапасын былай қойғанда, мұсылманшылық және адамшылық қасиеттері жаныңа шуақ сыйлайды. «Жолақыма қанша төлейін, інім?» десем, «Көке, өзіңіз біліңіз» дейді. «Олай болмайды, нақты бағасын айт», деген сауалыма да беретін жауабы  әлгіндей. «Не берсеңіз де аламын, бәріне қанағат», дейді дүниеқұмарлықтан бойын аулақ ұстаған нысапты жігіт. Ылғи осылай сөйлейді, осы мінезінен айнымайды. Ал мен жолақымды екі еселеп, артығымен төлеп, дұға-тілегімді жаудырамын. Кей кездері «Өткен жолы көбірек төлеп қойдыңыз», деп ақшамды алмай қояды. Мен қарыз болып қалмауға тырысамын, жолақымды қалдырып кетемін.

«Өмірдегі ең үлкен  бақытсыздық не?» деп сұрапты бір данышпаннан.

 «Жүректің өлуі», деп жауап беріпті ол. «Жүректің өлуі деген не?» деген сұрағына: «Жүректің дүниеге толық байланып қалуы» деп жауап қайтарыпты.

Әкеңнің бұйрығы қымбат,

Анаңның мейірімі қымбат.

Жарыңның сенімі қымбат,

Балаңның өмірі қымбат.

Адамның бергені құнсыз,

Алланың сыйлығы қымбат.

Ауылдас, ағайын достың,

Сүттен ақ көңілі қымбат.

Осы өлеңде айтылғандай, жүректің дүниеге байланып қалғаннан артық азап жоқ шығар. Қанағатшылдық туралы Пайғамбарымыз /с.а.с./: «Мүміннің ұлылығы – басқаларға мұқтаж болмау», деген. Бір данышпан «Қанағатшылдықтан өткен байлық және сұғанақтықтан өткен кедейлік көрмедім», деген.

Менің анам Әсел Ысқаққызы діндарлығымен елге танылған текті әулеттің ұрпағы болатын. Ес білгелі бір Аллаға сыйынып, Құдайына құлшылық етіп, дін жолын хақ ұстаған қалпынан бір айныған емес.Алланың ақ адал жолымен жүрген адамның төңірегі де нұрлы болатын сияқты.Анамыз жан-жағына шуағын шашып, жақсылықты жанына жалау етіп өтті өмірден. Балалық балдәурен шағымыздан анамыздың намазын бұзып, отыз күн оразасын ұстамай қалған кезі болған емес. Шілденің шіліңгір ыстығында ауыз бекіткен қарт анамызға жанымыз ашып: «Апа, қиналмай-ақ, ауызыңызды аша салмайсыз ба?» деген кездеріміз болған. Сонда ол кісі: «Қарақтарым, Алла күш-қуат береді, шыдаймын. Жылда ұстап жүрмін ғой», дейтін. Мұндай адамдардың ұзақ өмір сүруі де содан ба деп ойлаймын. Тоқсан жас ғұмыр кешуі де сол имандылықтың құдіреті шығар.

Сол анашым өте сабырлы, салмақты қалпынан айнымай ғұмыр кешті. Ауыл-аймақта болатын түрлі жиындарда өзін асқақ ұстайтын. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын. Жүрегінде ілімі мол, көкірегі ояу, парасат-пайымы жоғары қадірменді әже деңгейіне көтерілді. Кейбір жиын-отырыстарда көре алмайтын әйелдер анашыма орынсыз тиісіп, орынсыз сөздер айтып, пендешілігін білдіріп қоятын. Сол күншілдерге «мен оразамын», болмаса «сиынарым да, сенерім де жалғыз Алла» деп қасқайып отыратын. Басқа ләм-мим демейтін. «Қатты-қатты сөйлеп, бетін қайтарып тастамайсыз ба?» деген сауалыма: «Оларды Аллаға тапсырдым, Алла бәрін реттейді, Алланың өзі жазалайды», деп жауап қайтаратын.

Ораза ұстау апама қиын сияқты болып көрінгенімен, мұсылман баласына пайдалы құлшылық болғаны сөзсіз. Сонымен оразаның бірінші пайдасы – бізді тақуалыққа бастайды. Ал тақуалық Алла разылығына, жәннатқа жеткізеді. Менің анам тақуалар қатарында жәннат төрінен орын алғандығына сенгім келеді.

Біздің ауылда Оңлабай есімді қария ұзақ өмір сүріп, тақуалығымен аты шықты. Ұзын бойлы, кең иықты, сақалы кеудесін жапқан ірі денелі кісі болатын. Салмақты да байсалды тұлғасына қарап, сүйсінетінмін. Көп сөзі жоқ, ар-ұяты мол, аса қарапайым осы қарияның жүріс-тұрысы, елмен қарым-қатынасы тұнып тұрған үлгі-өнеге болатын. Бір кереметі –осы  ақсақал Тараздың маңындағы қазіргі Түркісіб ауылынан қала орталығындағы «Әулиеата» мешітіне жұма сайын жаяу барып, жаяу қайтатын. Шаршап-шалдығу дегенді білмейтін. Мал жайылатын өрісте доп ойнаған біздер қолында аса таяғы бар осы кісінің жаяу аяңдап бара жатқанын талай мәрте көрдік. Күндердің күнінде қарияға  жақындап, сәлем бердім. «Ата, неге автобусқа отырмайсыз? Жол алыс, қиналып қалмайсыз ба?» деп сұрадым. «Қиналмаймын, қарағым. Денсаулығым жақсы, жүруге жарап тұрмын. Оны қайтемін, ана дүниеге алып кетемін бе?» деп қарап тұр.

Жолға шыққан қарияны тағы да күтіп алып, сауалымды қойдым. «Ата, автобусқа төлейтін ақшаңыз жоқ шығар?» дедім. «Ақшам бар, қарағым. Міне көрсетейін», деп шүберекке түйілген теңгесін шығарды. Мен үндемедім. Бірақ, тұла бойы дарқандықтан тұратын дана қарияға риза болып, жақсы көріп кеттім.

Алланың алдында ең ізгі жан – тақуалықты ұстанған адам. Алла тағала Құранда былай дейді: «Алланың алдындағы  ең ардақтыларың – ең тақуаларың». /«Хужурат» сүресі, 13 аят/ Құран кәрім бізді жеткілікті азық жинауға шақырады. Ұзақ сапарға шыққан адамның  жол азығы болмаса, жағдайы қандай болмақ?  «Азықтарыңды жақсылап қамдап алыңдар Һәм біліп қойыңдар, ең қайырлы азық – тақуалық»,  /«Бақара» сүресі, 197 аят/ деу арқылы бұл ұзақ сапарымызға қандай азық алу керектігін білдіреді. Асыл дінімізде тақуалықтың маңызы ерекше. Берік иман мен ізгі амал тек қана тақуалықтың нәтижесінде болмақ. Яғни, адам қанша көп ізгі амал жасағанымен, тақуа болмаса, харам мен күнәдан бас тартпаса, жасаған ізгі амалдарының ешбір пайдасы болмақ емес.

Рамазан – сауабымызды арттыратын құтты ай! Жүректерді жұмсартатын мейірім айы, сабыр мен шүкір айы, кешірім мен жәрдем айы, ең бастысы күнәларымыз кешірілетін және жүрегіміз тазаратын ай. Бұл ай – адамзатты тура жолға бастайтын ерекше ай. Алланың разылығы мен нығметтеріне бөленгеннен артық қандай қастерлі парыз болуы мүмкін!? Тілеген тілектеріңіз бен ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын, мұсылман бауырлар!