Аймақ өнерімен де келбетті

0 27

Бүгінде Еуразияның ең бай да бірегей мәдениетінің қатарына қазақ мәдениетінің де кіргендігі біз үшін үлкен мақтаныш. Дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер түстемесе керек. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Бұл тұрғыдан келгенде біздің көсіле сөйлеуімізге болады. Арғы ата бабаларымыздан қалған асыл мұралар, Қазақ хандығының іргесі қаланғаннан бергі жиналған жауһар дүниелер әлем алдында абыройымызды биіктетіп келеді. Соларды насихаттап, көкке көтеріп жүрген мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі орасан. Әрине, өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Десе де, мәдениет саласын дамыту ісі көбіне осы салада еңбек етіп жүрген жандарға ғана жүктелген міндет деп қарайтынымыз жасырын емес.

Бүгінде әрбір ата-ана баласын заманға сай, жан-жақты, өнерлі етіп өсіргісі келеді. Сол себепті кішкене күнінен түрлі қосымша үйірмеге қатыстырады. Міне, осындай қазіргі қоғамның сұрансына сай болу үшін өнерде жүріп дарынды жастарды тәрбиелеп жүрген мәдениет орталығының қызметкерлері де заман ағымына сай өздерін жетілдіріп, тынбай іздену керек.

Түрлі үйірмелерге қатысу арқылы бала белгілі бір өнерді үйреніп, білімді меңгеріп қана қоймай, қоғаммен араласады. Қатарластары арасында өзіне деген сенімділігі артады. Айта берсек, үйірменің балаға берері көп-ақ. Жас жеткіншектің интеллектуалды дамып, кәсіби бағдарлануына да мектептен тыс үйірмелердің тигізер үлесі ерекше. Біздің өлкеде де жас ұрпақтың дарынын шыңдап, өнердің түр-түріне баулитын үйірмелер жетерлік. Солардың бірі де бірегейі – Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығы жанынан құрылған «Hustle danse» заманауи би үйірмесі. Құрылған күннен хореографияға қызыққан жас жеткіншектерді жинап, олардың әрқайсысымен жұмыс жүргізіп келе жатқан үйірме жетекшісі Дәулет Агибаев әрбір баланың талантын тани алды. Талмай еңбектенудің арқасында көптеген жетістіктерге жетіп, өнер бәйгесінде биіктерді бағындырды. Түрлі деңгейдегі байқауларда бас жүлдені жеңіп алып, аудан абыройын асқақтатты. 2019 жылдан бастап жетістіктер жылнамасын жазған «Hustle danse» заманауи би үйірмесінің тарихында айрықша аталатындары 2023 жылы Түркістан  қаласында өткен Халықаралық  «Биле Талант» хореографиялық байқауы, Шымкент қаласында өткен Халықаралық «Короли Танцпола» бишілер байқауында «Hustle dance» би тобының кіші тобы «Супер Вип Гранд При» жүлдесі, тағы да Түркістан қаласында өткен «Silk way»  Халықаралық би конкурсындағы «Гранд При» жүлдесі. «Hustle danse» заманауи би үйірмесі қол жеткізген жетістіктердің бұл бір парасы ғана. Күн санап қатары жас таланттармен толығып келе жатқан аталмыш би үйірмесінің жеңістері мұнымен толастамасы анық.

Хореография – өнердің эстетикалық саласы. Хореография пәні балалардың үйлесімді дамуына ықпал етеді, оларға қимылдардың сұлулығын үйретеді. Би өнеріне ебі бар балалардың басын қосып, осы эстетикалық әлемнің сырын ұғындырып, дарынын шыңдап жүрген тағы бір би үйірмесі бар. «Шашу» би тобында өнер көрсетіп жүрген қыздар үйірме бағдарламасы бойынша  «Классикалық би», «Халықтық-сахналық би», «Бал биі» сияқты бөлімдерде сабақ алады. «Шашу» би тобы да бүгінге дейін көптеген жетістіктерге жетіп, ауданымыздың руханияты мен мәдениетінің дамуына өз үлесін қосуда. Аталмыш би үйірмесі 2022 жылы Қаратау қаласында өткен облыстық «ДЕЛЬФИ ОЙЫНДАРЫ» байқауында 1-орын иегері атанады. Сол жылы  Алматы қаласында өткен «Talantty Jastar» халықаралық өнер-білім байқауына қатысып, «Хореография»  бөлімі бойынша жеңімпаз атанған «Шашулықтар» үшін сол жыл жемісті болды. Өнерді жанына серік еткен жас таланттар 2023 жылы Тараз қаласында өткен Қазақстанның тұңғыш балетмейстері, халық әртісі Дәурен Әбіровтың 100 жылдығына арналған «Би қанатында» атты облыстық байқауда жүлделі 2-орын иеленсе, Тараз қаласында өткен «Jas DARUN» Халықаралық жобасы бойынша «Танцевальный ВЗРЫВ» байқауында «Гран при» иеленді.

Әрбір елдің руани күші – оның мәдениетімен өлшенеді. Ұлт руханияты мен мәдениеті жолында еңбектеніп жүрген шығармашылық иелері алдағы уақытта да осы саланың дамуына үлкен үлесін қосатыны анық.