Бірінші сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуірде басталады

0 24

Оқу-ағарту министрлігі Қазақстандағы жалпы білім беретін мектептердің бірінші сыныптарына құжаттарды қабылдау мерзімін жариялады.

Өтініштер 1 сәуірден 31 тамызға дейін қабылданады. Баланың құжаттарын egov.kz электронды үкімет порталында тапсыруға болады.

Айта кетейік, жаңа оқу жылында 370 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы тұр.

«Қазақстан Республикасының білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі туралы Заңына сәйкес лицейлер мен гимназияларда бірінші сыныпқа қабылдау емтихандарын өткізуге тыйым салатын норма енгізілді. Осылайша, барлық бала тең мүмкіндікке ие болады. Бұл бастама бірінші сынып оқушыларының тестілеу мен әңгімелесуге байланысты психологиялық күйзелісін азайтуға бағытталған», деп түсіндірді Орта білім комитетінің бөлім меңгерушісі Әлия Чокушева.

Бірінші сыныпқа алты жастан асқан балалар қабылданады. Ол үшін ата-анасы немесе заңды өкілі тиісті өтініш жазуы қажет, сондай-ақ баланың денсаулығы туралы анықтаманы – № 065у нысанын, баланың 026/у-3 денсаулық паспортын және 3*4 форматындағы екі фотосуретті ұсынуы қажет.

Өтініштер демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады.