Өнегелі отбасы – ел тірегі

0 52

Әз-Наурыз мерекесі аясындағы «Шаңырақ» күніне орай Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Өнегелі отбасы – ел тірегі» атты іс-шара өтті.

Отбасылық құндылықтарды дәріптеген, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі жанұялардың өмірін, жарасымдылығын, тату-тәтті ғұмырын жастарға үлгі етуді мақсат тұтқан іс-шараға жарты ғасырлық «алтын тойға» жеткен белгілі журналист және қоғам қайраткері Жаңабай Миллионов пен жұбайы Күлбағира Жақсыбаева, бір шаңырақ астында 42 жыл ғұмыр кешіп келе жатқан Қазақстанның Құрметті журналисі Бекет Момынқұл мен жары Айгүл Сәрсенбайқызы және 25 жылдық «күміс тойдың» иелері К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония директорының орынбасары, әнші, сазгер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жандос Омаров пен аяулы жары Лаура Сейіталиева шақырылды.Тағылымға толы кездесу барысында қонақтар өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, түрлі сұрақтарға жауап берді.

Сонымен қатар іс-шара барысында таяуда шаңырақ көтеріп, отбасын құрып жатқан жастардың неке қию рәсімі орындалды. АХАТ бөлімінің маманы Жансая Дүйсекова Нығметовтер отбасына неке куәлігін табыстаса, Сауранбек Жамалбеков екі жасқа бата берді. Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай мен «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығығының директоры Эльмира Мырза-Ғали жылы лебіздерін арнап, қонаққа шақырылған отбасыларды марапаттады.

Кеш соңы «Анаға тағзым» орталығының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.