Ұлтымыздың көркі

0 50

Наурыз айының онкүндік мерекесі шеңберінде он сегізінші наурыз «Қазақ елінің ұлттық киім күні» деп жарияланды. Ұлттық киім – кез келген халық мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Ол жай ғана киім емес, бүтін ұлттың бет-бедерін айқындар ұлан-ғайыр тарих. Көптеген ғасырлар бойы қазақтың ұлттық киімі қарапайымдылығымен және ұтымдылығымен ерекшеленеді.

Айта кетсек, Атырауда өткен Ұлттық құрылтай барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатқанын, оның өте орынды бастама екенін, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн екенін айтты. Сондай-ақ соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғанын, алайда қара киімнің біздің халқымыздың дүниетанымына қайшы екенін мәлімдеді.

Осы мерекені көптеген қалалар тойлады. Бірі ұлттық киімге байланысты көрмелер ұйымдастырса, бірі ұлттық киім жарысын ұйымдастырып, тойлауда. Ал Тараз қаласында ұлттық киім күні қала әкімдігінің ұйымдастыруымен ерекше атап өтті. Іс-шараға ата-әжелерімізбен қатар жастар және әр оқу орнынан келген белсенді волонтерлер қатысты. «Шахристан» аумағында бас қосып, ұлттық киімдерін киіп, қазақи нақышта өлең айтып, ұлттық аспаптармен жыр жырлады. Сонымен қатар ұлттық киімді дәріптеу мақсатында «Шахристаннан» шығып, Төле би көшесінің бойымен, Абай даңғылы, Қазыбек би көшесінен Жамбыл даңғылына дейін әуенді керуен жүріп өтті. Жол бойында кездескен адамдар бауырсақ, құрт, ірімшік тағы басқа ұлттық тағамымыздан дәм татты. Мұндай іс-шаралар қазақ жұртшылығына өз дәстүрін, өз ұлттық киімдерін ұмыттырмауға жол ашады.