Балуан қыздың бағындырған биігі
Еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында әлемді мойындатқан спортшы қыздарымыз көп. Солардың бірі – ұлттық құндылығымызды әрі төл спортымызды насихаттап жүрген Сезім Өтеулі.
Қазақтың қайсар қаракөзі жуырда жеңіс қоржынын тағы бір медальмен толықтырды. Ақтөбе қаласында қазақ күресінен жастар (ұлдар мен қыздар) арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында қордайлық палуан қыз қарсыластарына дес бермей жүлделі І орынды иеленді. Осылайша ҚР чемпионы, қазақ күресінен ҚР спорт шебері атанды.
Қордай ауданы, Қақпатас ауылының тумасы қаршадайынан спортты жанына серік етіп келеді. Бүгінде ол дзюдо күресінен кіші жасөспірімдер арасында ҚР жеңімпазы, Жастар арасында ҚР күміс жүлдегері, жасөспірімдер арасында ҚР қола жүлдегері, ҚР спорт шеберлігіне кандидат, ҚР халықаралық Ташметов атындағы жарыстың 2 дүркін жеңімпазы, Халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы.
– Ең алғашқы бапкерім – Мустафин Ахан Қайсарұлы. Ол кісі менің спорт мектебіне түсуіме себепші болған, бүгінгі жетістіктеріме жетуіме зор үлесін қосқан жан. 2019 жылы 6-сыныпты бітіріп, Тараз қаласындағы Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп интернат-колледжіне түстім. Спортшыны биік шыңға шығаратын – тұрақты жаттығулар. Қазіргі бапкерлерім Гүлмира Игілікова, Фарида Тастекова, Гаухар Дүкенбай күнделікті жаттығу жасауымды қадағалап, әркез алға ұмтылуға ынталандырып отырады. Сондай-ақ ата-анамның да үлкен қолдауын сезініп келемін, – дейді спортшы.