Ақынын құрметтеген ел озады

0 36

«Қанатты сөз – қазына» деген пәлсапаға келсек, пәлсапа емес-ау, адамзаттың бейнесін көрсетіп, көпке жол көрсетер темірқазықтың қауқары мен құдіретіне тең сөз саптау стиліне ашық көзбен қарап көрелік. Ол – зерделеуді қажет етпейтін, әркімнің маңдайында жарқырай да қоймайтын жарық жұлдыз. Бұл ақиқат.  Біздің шайыр ақынымыз, Шырын Мамасерікова әкпеміз осы теңеулерге лайықты тұлға.

Ой қойнауынан жарып шыққан зерделі де зерек әрі ұшқыр сөздерімен адам баласының өмір сүруге деген құштарлығын арттыратын, жабырқаған пенденің жан-жарасын жазып, жадырауына жол ашатын да осы Шырын ақынның сөз құдіреті.

Осы тұрғыда, белгілі ақын Айша Көпжасарованың:

Ерекшесің, елеулісің, қалаулы,

Сен келгенде жарық болар қараңғы.

Өзіңдегі батпан мұңды ұмытып,

Сипалайсың менің титтей жарамды, – деген бір шумақ өлең шумағынан-ақ, жыр әлеміндегі желкенді қайығы үнемі жел бағытымен жүретін Шырын ақынның сезімталдығын, өзін  емес, өзгенің өзегі талмауын ойлайтын көпшілдігін көреміз.

Міне, осындай өнер адамы, «ҚР Білім беру ісінің үздігі», Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Меркі ауданының Құрметті азаматы, бір сөзбен айтқанда шырайлы жан Шырын Мамасеріковамен кезекті кездесу аудандық орталық аурухананың конференц залында болып өтті.

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен, «Ел болып оқимыз» жобасы аясында «Шырындай шайыр ақыны бар – Меркі өңірі бақытты» атты сыр-сұқбат кешіне аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Бүркітбаева Айман Жойқынбекқызы, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Дәрменов Мейрамбек Икрамбекұлы, аудан кітапханашылары, сонымен қатар жыр-сүйер аурухана қызметкерлері мен тұрақты оқырмандар қауымы және мектеп оқушылары қатысты.

Кешті жүргізуші, аудандық орталық аурухана кітапханасының кітапханашысы Қопабаева Лаура Жолдасбекқызы іс-шараны кіріспе сөзімен ашты. Ол өз сөзінде қазақ халқының арман-мұраты, шаттығы мен қайғысы, ең алдымен, ақын жүрегіне жиналып, одан әрі олар жүрекжарды шығармаларға арқау болатынын кеңінен жеткізе келе, осы орайдағы Шырын әкпеміздің дара жолын айтып өткен соң, кездесу кешінің қонағы, жыр шайыры Шырын Бөкейқызына сый-сияпат жасап, құрмет көрсете төрге оздырды.

Келесі кезекте, №2 балалар саз мектебінің ұстазы Аманқос Амантай терме орындаса, Ақтоған ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Нұрдәулет Исатаев ақын қызымыздың сөзіне жазылған «Сұлу Меркі – әсем ән» әнін шырқады. «Поэзия – мәңгі өлмес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар алтын көпір» демекші, Шырын Бөкейқызының шығармаларын жаттап, оны өздеріне рухани азық етіп жүрген мектеп оқушылары Диас Жолшыбек пен Ералы Төлеудің де ақын апайларын құрмет тұтатын өнерлері ерек тұрды.

Бүгінгі кешті өткізуде ашық сыр-сұқбат форматы таңдалғандықтан, кешті жүргізуші Лаура Қопабаева Шырын Бөкейқызына бірқатар сұрақтар қойып өтті. Оның ішінде, «Ақын-жазушы болу үшін ерекше балалық шақ болуы керек дейді. Сіздің балалық шағыңыз қалай өтті?» деген сұраққа жауап қатқан Шырын әкпе:

– Ол кездегі ауыл мектебінің жайы белгілі. Жалпақсаз (әкпеміз дүниеге келген көрші Т.Рысқұлов ауданы) ауылындағы саман кірпішпен салынған жатаған мектепке жақын тұратынбыз. Күн ыстық болғанда алақандай сынып бөлмесінің терезесі айқара ашылады. Менің күткенім де сол! Мектеп жасына жетпеген мен сол терезенің түбінде отырып, оқушының бірі мұғалімнің сұрағына жауап бере алмай қалса, бірден айқайлап терезе арқылы дұрыс жауап беремін, баяғы! «Осындай зерек баланы оқытсам ұтылмаспын» дегені болу керек, ауыл ұстазы бес жарым жасымда мені 1-сыныпқа қабылдауға «мәжбүр» болды. Арада жылдар жылжып, өлең жазуға деген құмарлығым да арта бастады. Сол кезде оқушысы бар әр үй жазылатын «Қазақстан пионері» газетіне тырнақалды шығармаларым шыққанда, қуанғанымды айтсаңызшы! Иә, менің өлеңімнің республикалық басылым бетінде жарық көруі, шындығында, шабыт беріп, ақындық жолды таңдауға жол ашты.

Келесі бір шабыт алған тарихи оқиға – артқы партада отыратын Төрехан атты бұзық бала (кейінірек Жамбыл қаласында белді жоғарғы оқу орнында ұстаздық еткен) мазамды жиі алатын. Ал, мен мектепте аты шығып қалған өзімше суырыпсалма ақын емеспін бе, оған жауап ретінде бір ауыз өлең шығардым. Оны естіп қалған мұғалім «Төрехан, сен кімге тиісер шамаңды білгейсің. Шырын ақынымыз мына өлеңін «Қазақстан пионері» немесе «Ара» журналына жолдап жіберсе, сен ғана емес, бүкіл Жалпақсаз жұртшылығы ұятқа қалары сөзсіз», деген-ді. Әлгі Төреханның да санасы бар екен, одан кейін соқтықпады. Ал, мен осылайша өлеңім арқылы «аман» қалып әрі шабыт алдым. Содан бері өлеңдерім маған шын қамқоршы болып келеді, – деп, басқа да сұрақ-сауалдарға өзіне тән ашық әрі жарқын мінезімен шешіле сөйлеп, тұщымды жауап берді.

– Кешегі «Ковид – 19» пандемиясы кезінде үйде жатып қатты сырқаттандым. Сонда газет журналисі, мына отырған Әлихан балам келіп, өз көлігіне отырғызып, орталық ауруханаға, инфекционист-дәрігер Қарлығаш Шораеваға жеткізген еді, нәтижесінде, айығып шықтым. Сол кезде ауыр кеселмен аянбай алысқан Қарлығаш қызым мен Бағлан Жұмабекова атты медбикенің еңбектерін бағалап, арнайы өлең де жаздым, – деген Шырын Бөкейқызы аталған ақ желеңді абзал жандарға арнаған жыр жолдарын оқып берді.

Сыр-сұқбат кешін жүргізуші Лаура Қопабаева өзіне жақын болып, етене араласқан Фариза Оңғарсынова тағдыр теперіші кезінде Алматыға шақырғанымен, «Меркі – менің тағдырым» деп жырлаған Шырын ақынның елде жүріп-ақ бояуы қанық өрелі өлеңдер жазғанын айта келе, ақын апамыздың шығармашылығына арналған «Шырынның шырайлы жырлары» атты кітап көрмесімен таныстырып өтті.

Кездесу соңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Айман Бүркітбаева Шырын әкпемізге сый-сияпат жасады, жұртты жаңа шығармаларымен қуантып, Алаш елінің ерке қызы болып жүре беруіне тілектестік білдірді. Сонымен қатар Айман Жойқынбекқызы кездесу кешін ұйымдастыру барысында көмек көрсеткен аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Мейрамбек Дәрменовке, ақын шығармаларын орындаған жастар қауымына арнайы Алғысхаттарын тапсырды.