Жыл басы – әз-Наурызды тойлау басталды

0 41

Жыл құсындай сағындырып келетін әз-Наурыз есік қағып, еңбек пен достықтың, жаңару мен тазалықтың мерекесін тойлау басталып кетті. Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте осы жай кеңінен сөз болды.

Бірінші болып сөз алған Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова: «Наурыз мейрамы – ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға негізделген, көктемнің келуін, Жаңа жылдың басталуын бейнелейтін басты мереке» дей келе, биыл Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы жаңа тұжырымдамаға сәйкес, жаңаша форматта өткізілетінін жеткізді. Мәселен, мерекенің жаңа бірыңғай логотипі бекітіліпті. Тағы бір жаңалық – Наурызнама онкүндігіне сәйкес, Наурыз мейрамы 14-23 наурыз аралығында тойланатындықтан 14 наурызда «Көрісу күні – амал мерекесі» басталғанын айтты. Ал 15 наурыз – «Қайырымдылық» күні мейірімділік кеңінен насихатталып, тұрмысы төмен отбасылар мен мұқтаж жандарға қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылады. «Ардагерлерді ардақтайық» қайырымдылық акциясы, облыстағы қарттар үйлерінде, дағдарыс орталықтарында, балалар үйінде концерттер өткізіліп, волонтерлік қызметтер көрсетілетін көрінеді. Бұл күн Рамазан айының бірінші жұмасымен сәйкес келгендіктен, Мемлекет басшысының атынан облыс әкімінің ауызашары өткізілмек. Осы күні Тараз қаласы мен барлық аудан әкімдіктері ауызашар береді. Сондай-ақ басқарма басшысы әрбір күннің атауын еске салып, сол күндердің аясында өтетін іс-шараларға кеңінен тоқталып өтті.

– Наурыз мейрамын мерекелеу шеңберінде барлық іс-шаралар қоғамның топтасуына, қазақстандықтардың өз Отанына деген мақтаныш сезімін қалыптастыруға, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге, тұрақтылыққа, ұлттық бірлік идеясын насихаттауға және өз болашағына деген сенімділікті арттыруға ықпал етеді деп сенеміз, -деді Ұлана Сламбекова.

«Наурыз-2024» мерекесіне орай жоспарланған спорттық іс-шаралар бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Қырықбайұлы мерекеге орай ұйымдастырылатын спорттық іс-шаралардан хабардар етті. Сондай-ақ облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай мерекенің концепциясына сәйкес, іс-шара өтетін алаң тұтас бір этноауылды құрайтынын, бірнеше аймақтан жасақталатынын жеткізді. Негізгі іс-шара өтетін сахнада мерекелік іс-шара театрландырылған көрініспен басталып, балалар хорымен жалғасатын көрінеді.

Хабарламашылардың сөзіне қарағанда барынша сән-салтанатпен өтетін Ұлыстың ұлы күні – жыл басына арналған той-думанды тамашалау ғана қалған сияқты.

Хабарламашылар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін қызықтырған барлық сұрақтарға нақты жауаптар қайтарды.