Вашингтонда домбыра үйірмесі ашылды

0 52

Шетелде тұрып жатқан отандастарымыз үшін төл тілін ұмытпай, түпкі мәдениетті  сақтау басты мәселе.  Сол үшін белсенді азаматтар түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Мәселен, Вашингтонда тіл үйрету сабақтары мен домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Әзірге топтар балаларға арналған. Алдағы уақытта ересектер тобын ашу жоспарда бар екен.

Бексұлтан Сейдулла Фулбрайт бағдарламасымен магистратураға түсіп, былтыр Вашингтонға келген. Осыған дейін Францияда жоғары білім алып, Қазақстанда қызмет еткен талапты жас мектеп кезінен домбыра тартады. Мұхиттың арғы жағына сүйікті аспабын ала келген. Жоғарғы оқу орынында білімін жетілдіріп қана қоймай АҚШ-та тұрып жатқан қазақ балаларына домбыра үйретіп, ұлттық мәдениетімізді бойларына сіңдіргісі келеді.

— Мен ата-анамның жұмысы бойынша түрлі елдерде, Өзбекстан, Монғолияда тұрдым. Қазір Америкада тұрамын. Бірақ, қайда жүрсем де мен елімді сағынамын, мәдениетімізге жақын болғым келеді. Сондықтан, домбыра үйірмесі ашылғанда бірден келдім. Өйткені, мен Алматыда тұратын әжеме қазақша күй ойнап беруді армандаймын, – дейді үйірмеге қатысушы Айбек Байбатыр.

— Шетелде өсіп, шетелде тәрбиеленіп жатқан балалар үшін бір пайдам тисін деп әр сенбіде елшілікте қазақ тілі курсын ұйымдастырып жүрмін. Балалардың тарапынан қазақ тілін, ана тілін үйренемін деген ниеттері бар, талпыныстары бар. Қолымнан келгенше көмектесіп жатырмын, – дейді  қазақ тілі үйірмесін ұйымдастырушы Гүлмира Мұхамеджанова.

Елшілік ішінде жұмыс істейтін үйірмелерге келушілердің арасында кішкентай бүлдіршіндер де көп. Жергілікті балабақша мен мектептегі ортада ана тілін естімейтін балақандар үшін сенбілік кездесулер қазақ тілін үйреніп, ұлттық салт-дәстүрімізбен жақын танысуға септігі зор.