«Zhas project» — жұмыссыз жастарға қолдау

0 32

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дархан Давренбеков пен облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының «‎Жастар ресурстық орталығы»‎ КММ директоры Теміржан Ізтелеуов тілшілер қауымына облысымызда «Zhas project» жобасы аясында жастар жобаларына гранттар бөлу туралы айтып берді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ, Жамбыл және Ұлытау облыстары әкімдіктерінің қолдауымен «Жастардың әлеуметтік және тұрақты дамыту қоры» қоғамдық қоры «ZHAS PROJECT: JAMBYL, ŪLYTAU» жобасын бастауда. Жобаның негізгі мақсаты – өмір мен еңбек үшін қажетті дағдыларды дамыту, әлеуметтік және экономикалық өмірге тарту және уақытша жұмыссыз жастардың бастамаларын қолдау арқылы белсенді, жауапты және табысты жас ұрпақты қалыптастыру.

Жастарды жоба туралы ақпараттандыру аясында NEET (уақытша бос жүрген жастар) санатындағы жастармен ақпараттық кездесулер ұйымдастырылып, жергілікті атқарушы органдармен және ҮЕҰ-мен жұмыс жүргізіледі, байланыс орталығы құрылатын көрінеді. Жастардың өмірге және жұмысқа қажетті дағдыларын дамыту үшін 21 ғасыр дағдылары, әлеуметтік және бизнес дизайны бойынша онлайн курс дайындалып, жастарға арналған әлеуметтік және кәсіпкерлік жобаларын дайындау бойынша бір күндік шеберлік сабақтары өткізілмек.

Спикерлер жастардың әлеуметтік және кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында жастарға арналған әлеуметтік жобалар байқауы ұйымдастырылатынын да жеткізді. Конкурсқа 18 бен 34 жас аралығындағы Жамбыл облысында және Ұлытау облысында тұрақты немесе уақытша тіркелген, жұмыс жасамайтын, оқымайтын Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Жобаға қатысу үшін жастар өз өтінімдерін 2024 жылғы 24 сәуір сағат 23.59-ға дейін жібере алады. Әлеуметтік жобаларды конкурстық іріктеу 25 сәуірден 14 мамырға дейін жүргізіледі. Конкурс жеңімпаздары туралы хабарландыру 15 мамыр күні шығатын болады. Іріктеуден өткен жастардың жобаны орындау мерзімі — 3 ай (маусым – тамыз).

Сараптамалық комиссия конкурс қатысушыларының ішінен одан әрі қаржыландыру үшін 28 жобаны таңдайды, оның ішінде 20-сы Ұлытау облысында, 8-і Жамбыл облысында. Шағын гранттарды іске асыру барысында жобалық кеңсе топтық коучинг форматында тәлімгерлік қолдауды және 28 жобаны қаржыландыруды ұйымдастырады.

Жобаға қатысуға қатысты барлық сұрақтар бойынша жобаның колл-орталығына (WhatsApp) +7 771 299 05 78 телефоны арқылы хабарласуға болады. Жоба туралы толыққанды ақпарат https://t.me/zhasproject0820bot телеграм ботта орналастырылған.

Журналистер баяндамашыларға жоба бойынша сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.

Назерке ҒАЛЫМ