Коллаген ішу қартаюды баяулататыны рас па?

0 40

Бетке құрамында коллагені бар кремдер жақсаңыз немесе коллагенді қоспа ішсеңіз, жасарасыз және әжіміңіз кетеді деген жарнамаларды естіген боларсыз. Бұл қаншалықты рас? Коллаген дегеніміз не және оны қандай тағамдардан ала аламыз? Бұл сұрақтарға Anti-age сарапшы Гүлзада Жанбабайқызы жауап берді.

Коллаген буындар, сүйектер, сіңірлер, шаш, тері, тырнақ және тістің негізгі құрауыштарының бірі. Сондай-ақ ол тамырлар, артериялар және қылтамырлардың қабырғаларын түзеді. «Коллаген – адам ағзасында кездесетін ақуыздың түрі. Жалпы ол біздің ағзамыздағы барлық ақуыздың үштен бір бөлігін құрайды. Коллаген ағзамызда барлық жерде болады. Ол — тері, сүйек, сіңір, буын, тамырлар және бұлшықеттерде болатын құрылыстық материал. Коллагенді біздің ағзамыз өзі түзе алады және оны тамақтан ала аламыз», дейді Гүлзада Жанбабайқызы.

Алайда жас ұлғая келе ағзадағы коллаген қоры азаяды және коллагеннің табиғи түрдегі синтезі баяулай түседі. Бұл қартаюдың алғашқы белгілерінің пайда болуына әкеледі: тері жұқарады, иілгіштігін жоғалтады, әжім пайда болады, сүйектер әлсіз бола түседі және буындар ауырады. «Біз етті көп тұтынатын халықпыз, бірақ сонда да адамдар арасында коллаген тапшылығы өте көп. Оның себебі ағзамыз коллагенді жақсы түзуі үшін және ол ағзаға жақсы сіңуі үшін сақтау керек ержелер бар», дейді аnti-age сарапшы.

Гүлзада Жанбабайқызы адам ағзасы коллагенді жақсы синтездеу үшін және оны жақсы сіңіру үшін мына ережелерді сақтау керегін айтты:

  1. 1.Асқазандағы тұзды қышқыл қалыпта болуы керек. Егер адамда асқазан тұз қышқылы нормада болмаса, коллаген сіңбейді;
  2. Ағзадағы С дәруменінің деңгейі қалыпта болуы керек. С дәрумені күшті антиоксидант. С дәрумені адамның терісіне және иммунитетіне пайдалы. Егер адам ағзасында С дәрумені жеткіліксіз болса, онда коллаген түзілуі қиындау болады. Сондықтан ағзаңыздағы С дәруменінің деңгейін анықтап алыңыз. Содан соң рационға С дәруменіне бай өнімдер қосыңыз немесе дайын С дәруменін қабылдаңыз;
  3. Ағзада мырыш және Д дәрумені жеткілікті болуы керек. Ағзамызда коллагеннің түзілуі және жеген тамақтар арқылы синтезделуі жақсы болуы үшін мырыш пен Д дәруменінің маңызы зор.

Сондай-ақ маман ағзада коллаген түзілуіне кері әсер ететін әдеттерден арылуға кеңес берді. Оларға мыналар жатады:

  • Көп қант, тәттілер жеу;
  • Ақуыздың жетіспеуі;
  • Алкоголь ішу;
  • Темекі тарту;
  • Жиі күйзеліске түсу.

Коллагенді қандай өнімдерден алуға болады? Жоғарыда айтқандай, коллагенді тамақтан алуға болады. Гүлзада Жанбабайқызының айтуынша, оны мына өнімдерден алуға болады:

  • Сүйек сорпасы;
  • Жұмыртқа;
  • Тауық еті;
  • Сиыр еті;
  • Балық.

Сондай-ақ жемістер мен көкөністерді, жаңғақтарды көбірек жеу ұсынылады. Оларда коллаген жоқ, бірақ олардың құрамында осы ақуыздың өңделуіне қажетті аминқышқылдар мен дәрумендер болады.

Коллагенді қоспаларды кімдерге ішуге болмайды? «Коллаген тапшылығын сырттай адамның терісінің жағдайына қарап анықтауға болады. Ағзаға коллаген жетіспесе, адамның терісі босап, салбырап кетеді. Сондай-ақ оны ақуызға анализ тапсыру арқылы да анықтауға болады. Коллагенді де мөлшерден тыс көп қолдануға болмайды. Сондықтан оның ағзадағы деңгейін анықтап алған жөн», дейді маман.

Коллагенді қоспаларды ішуге қарсы көрсетілім бар. «Коллагенді қоспаларды ағзасында қандай да бір ісік бар, онкологиялық аурулар кезінде, жүкті әйелдерге ішуге болмайды. Мұндай адамдарға коллагенді алудың ең қауіпсіз жолы — жүйелі түрде сүйек сорпасын ішу. Ал денсаулығы сау адамдарға коллагеннің дайын трін стып алып ішуге болады», дейді Гүлзада Жанбабайқызы.