Қаратаудың кондитері
Қай іс қиындықсыз басталмайды. Бірақ бастапқы сынақтар, көңілді күпті еткен сәттер кейін сабаққа айналып, төселуіңе, ширауыңа сеп болады. Тәжірибе солай толығады. Мұндай құбылыс кәсіпкерлікке де тән. Айналымға қажетті қаражаттың жетіспеушілігі, ісіне тиянақты маманның тапшылығы сынды уақытқа байланған кедергілер аз туындамайды.
Кәсіп бастағанда ұшырасатын мұндай қиындықтар қаратаулық Венера Пірманованың да басынан өтті. Тәуекелге барып, іске алғашқы рет кірісіп отырған адам үшін жүйкеге қандай салмақ. Бірақ, машақаты көп деп тірлігінен бас тартпады, алға қойған жоспарынан айнымады. Әрекет етіп, әліптің артын бақты.
Венера Орынбайқызы кондитерлік өнімдерді шығарумен айналысу туралы наубайханада жұмыс істеп жүргенде ойлана бастайды. Осылайша істің қыр-сырын сонда меңгеріп, көкейдегі жоспарын іске асыруға бел байлайды. 2019 жылы қысқа мерзімді кәсіптік курста білімін жетілдіріп, сол кезде белгіленген 250 мың теңге қайтарымсыз қаражатты иеленеді. Әуелде, үйде кондитерлік өнім шығарумен басталған кәсіп, уақыт өте жеке наубайхана ашуына түрткі болады.
– Қазір нысанды жалға алып, жұмыс істеп жатырмын. Наубайхананы бастауға аз қаражат салынған жоқ. Тіпті, баспанамды сатып, қажетті жабдықтарды жеткізуге тура келді. Мәселен, нан пісіретін пеш пен қамыр араластырғыш құрал-жабдықты Алматы қаласынан алдырдым. Одан бөлек, электр жүйесін тарту үшін де біраз қаражат кетті. Бірақ, алға жетелеген үміттің арқасында кәсібімді айналдырып келемін. Қазір өнімдерімізге сұраныс жоғары, – дейді ол.
Венераның наубайханасында электр қуатымен жұмыс істейтін пеште күніне 1000-ға жуық бөлке нан пісіріледі. Бұдан бөлек, тандыр нан, бөлішке, самса, кептірілген нан саудаланады. Тапсырыстар да қабылдайды. Дайын болған нан өнімдерін таңертең қала ішіндегі азық-түлік дүкендеріне жеткізіп береді. Нанның бағасы жеке келушілерге наубайханада 130 теңге болса, көтерме бағасы 125 теңгеден ұсынылады. Қалада бірден 200 бөлке нанға тапсырыс беретін дүкендер де бар көрінеді. Қазір кәсіп иесінің өзін қосқанда шағын наубайханада төрт адам жұмыс істеуде. Олардың еңбекақысы да атқарған жұмысына қарай күнделікті беріледі екен.
– «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы айына 5 тонна ұн жеңілдетілген бағамен беріліп келеді. Мұның өзі аз көмек емес. Өзіміз де көтерме саудамен ұн алып толықтырамыз. Әйтпесе, ол жеткіліксіз, – дейді Венера Орынбайқызы.
Кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта жеке нысан алып, жұмыс ауқымын арттырмақ ниетте. Иә, кәсібіңді кеңейтсең, табысың өседі. Алайда, ауқымды істе артылар жүк те ауыр болады. Оны Венера жақсы түсінеді.
Нарбол ҚАШАҒАН