Кәсіп қолдаумен көгереді

0 28

Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбековтің төрағалығымен, ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен өткен жиында кәсіпкерлерлі мемлекеттік қолдау мәселелері  жан-жақты түсіндірілді.

Онда облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының бас маманы Ләззат Қадырбаева кәсіптің әр түрі бойынша мемлекет тарапынан бөлінетін субсидияларға жеке-жеке тоқталды. Ләззат Пердешқызының сөзінше, шаруаларға құдық қаздыруға республикалық бюджеттен 50 пайыз субсидия қарастырылған. Алайда, белгіленген жаңа талаптарға сәйкес ұңғыманы қазу жұмыстарын лицензиясы бар мердігерлер ғана атқаруы тиіс. Жалпы, жер игеріп отырған шаруаларға 5 гектар аумаққа 1 құдық қою белгіленген. Ұңғыма қазу жұмыстары 1 сәуір мен 1 қазан аралығында жүргізіледі.

Кәсіппен айналысатын азаматтар үшін тағы бір жағымды жаңалық — «Жамбыл бизнес» жобасы аясында моноқалаларға қоныстанған азаматтарға кәсіп жүргізу үшін 7 пайыздық үстемемен 30 миллион теңгеге дейін несие берілмек. Жобаға қатысу үшін кәсіпкер болып тіркелу міндетті. Егер Қаратаудың моноқала қатарында екендігін есепке алсақ, іс бастауға ниет танытқан әр тұрғын бұл бастаманың тиімдігін өз пайдасына жарата алмақ. Бұл туралы жиын барысында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық дамыту басқармасының бөлім басшысы Дамир Досалянов айтып берді.

Одан бөлек басқосуда «BNK Grour» компаниясының облыс бойынша филиалының сарапшысы Досжан Жамбылов және «KazKioti» зауытының облыс бойынша өкілі Әли Амангелдіұлы компаниялар тарапынан шаруаларға арналған жеңілдіктер ұсынды. Ал «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының менеджері Раушан Қазыбекова, «Halyk Bank» АҚ-ның менеджері Ерболсын Жайлыбаев, «БанкЦентрКредит» АҚ-ның бөлімше директоры Азиза Мержанова кәсіпкерлерге берілетін несиелердің талаптары мен шарттарын түсіндірді.

Сала мамандары қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, ұсыныс-тілектерін назарға алды. Жиынды қорытындылаған Нұрбол Әбдімәжитұлы ауылшаруашылық тауар өндірушілері мен ақпараттар ұсынып, кеңестерімен бөліскен қаржылық ұйымдардың өкілдеріне ризашылығын білдірді.