Бала денсаулығының бағбаны
Күн сайын дерлік оның көз алдында жаңа өмір пайда болады, дүние есігін ашқан сәбилердің іңгәлаған дауысын бірінші болып еститін де сол. Динара Ахметова 15 жылдан бері Қордай аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөлімшесінде неонатолог дәрігер болып қызмет етіп келеді.
Оның негізгі міндеті – жаңа туған нәрестелердің жағдайын бақылау, мерзімінен бұрын, яғни шала туған сәбилерді күту. Қиын, бірақ өте қажет мамандықты таңдаған ол баланың дүниеге келген сәтінен перзентханадан шыққанынша басы-қасында жүреді. «Нәресте дүниеге келген соң, біздің бақылауымызда болады. Егер бәрі жақсы болса анасының қарауына беріледі. Ал денсаулығында кінәрат байқалса, интенсивті терапия палатасына жатқызып, тиісті емін жүргіземіз», деп түсіндірді дәрігер.
Динара Амангелдіқызы мамандығын мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ таңдап қойған. Оның отбасында дәрігер болмаған, бірақ әжесінің ақ халаттыларға деген құрметі, оларды үлгі тұтуы, «Қызым, сен өскенде дәрігер боласың», деген бір ауыз сөзі жадында сақталып, өмірін медицинамен байланыстыруына себеп болған. Осылайша ол Көкшетау қаласындағы медициналық колледжге оқуға түседі, оны тәмамдаған соң, Қарағанды медициналық академиясында «Балалар хирургиясы» мамандығы бойынша бес жыл білім алады. «Кейін тұрмыс құрып, жолдасым екеуміз Шымкентке көштік. Интернатураны сол жерде Оңтүстік Қазақстан медицина академиясынан өттім. Сол уақыттарда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жолдасымды осы Қордай ауданына жұмысқа жіберді. Ал мен сол бағдарламамен Таразға келіп, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасына орналастым. Кейін басшылық Қордай ауданында неонатолог маманы жетіспейтіндігін айтты. «Неонатолог ретінде қайта даярлаудан өтсең, сонда жібереміз», деді. Осылайша 2009 жылы Қордай аудандық ауруханасына жұмысқа кірдім. Ол кезде бас дәрігер Эйвас Фейзулаевич болатын. Сол кісі мені Алматыға екі айға қайта даярлау курсына жіберіп, келген соң неонатолог дәрігер ретінде қызметімді бастадым», — дейді Динара Ахметова.
Бүгінде ол аудандағы сауатты мамандардың бірі. Осындай кәсіби біліктілігі жоғары дәрігерлердің арқасында ауданда соңғы жылдары нәресте өлімінің деңгейі айтарлықтай төмендегені қуантады. «Бір адамға көмектесіп, оның алғысын алсаң, керемет сезімде боласың. 2017 жылы перзентханаға жүрек ақауымен өте ауыр халдегі бір ана түсті. Айы-күні жетіп отырған ол баласын аман алып қалуымызды қатты сұрады. Ішіндегі сәби отбасының аңсап күткен, 4 қыздан кейін көргелі отырған ұлдары екен. Сонымен, анаға шұғыл түрде ота жасалды, бала өте ауыр жағдайда туылды. Реанимациялық шараларды өткіздік, жасанды желдету аппаратына қостық.
Бір айта кететіні, облыстық аурухана мұндай шұғыл жағдайда науқасты алып кете алмайды, өйткені науқас 350 шақырым жолды көтере алмауы мүмкін. Сондықтан, біз бала мен ананы қалпына келтіріп, өмірлеріне қауіп төнбеген жағдайда ғана Таразға жіберуге тырысамыз. Біз сол ана мен баланың өмірі үшін барымызды салып күрестік, аман алып қалдық. Бірақ, облыстық аурухана оларды алып кетпеді. Осы аудандық ауруханада соңына дейін қажетті емдерін алып, жағдайлары бірқалыпты болған кезде үйлеріне шықты. Кейіннен олар шексіз ризашылықтарын айтып, перзентхана алдына алғыстарының белгісі ретінде шырша егіп кеткендері есімде. Қазір сол бала алты жаста», деп күлімдеп есіне алды дәрігер.
Әр адамның өмірінде сәтсіздіктердің орын алуы заңдылық. Біздің кейіпкеріміз де осы пікірмен келіседі. «Әрине, өмір болған соң, қайғылы жағдайлар да болып тұрады. Кейде анасы кеш келеді, баланың жүрегі іште болғанда тоқтап қалады, қан кетіп қалады, әртүрлі жағдайлар болады. Мұндай кезде көңілде өкініш тұрады. Арасында есікті жауып алып, көздің жасына ерік бересің. Бірақ, алдыңнан қандай қиыншылықтар шықса да, төтеп беруің керек. Бұл – өмірдің ағымы», дейді ол.
Неонатолог дәрігердің жұмысының маңызды бағыттарының бірі – шала туған нәрестелерді күту. Соңғы жылдары мерзімінен бұрын туған балалардың пайызы жоғарылап кеткенін айтады Динара Амангелдіқызы. «Оның басты себебі – әйелдердің өз денсаулығына немқұрайлы қарауы, жүктілікті жоспарламауы. Жылда-жылда босану, дұрыс тамақтанбау, қажетті дәрумендерді қабылдамау мерзімінен бұрын босану қауіпін күшейтеді», — дейді ол.