Аудан әкімі уәдесінде тұрды

0 27

Құлан жұртшылығы Құлан – Жалпақсаз, Құлан – Қорағаты, Құлан – Ақыртөбе бағытына қоғамдық көлік жүргізу мәселесін көптен бері көтеріп келген. Былтыр Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің сайлауына кандидат болып түскен аудан әкімі Ернар Есіркепов өзінің сайлауалды бағдарламасында ел сенім білдірген жағдайда осы мәселені шешу жолдарын қарастыратындығын айтқан еді.

Аудан басшысы уәде үдесінде тұрды. Бүгінде Құлан – Жалпақсаз бағытындағы автобустың қатынап жүргеніне біраз болды. Жақында олардың қатарын Құлан – Қорағаты, Құлан – Ақыртөбе бағытындағы автобус қатынастары толықтырды. Қорағаты және Ақыртөбе ауылдарының халқы дән риза. Оның жөні де бар. Бұған дейін ақыртөбеліктер аудан орталығына таксимен 1000 теңгеге, қорағатылықтар 500 теңгеге қатынайтын. Енді олар Құланға автобуспен 300 теңгеге ғана қатынайтын болады.

Қоғамдық көлікке қатысты тағы бір жағымды жаңалық – Луговой және Құлан ауылдарының тура ортасынан заманауи автобекет пен «Qazaq Oil» ЖМСҚ (ҚазМұнайГаз) ұлттық желісінің жанармай құю стансасын салу мәселесі қолға алынуда. Осы мақсатта жақында аудан басшысы «Qazaq Oil» ЖМСҚ ұлттық желісінің франшизасын алған кәсіпкер азаматтармен кездесіп, аталған инвестициялық жобалар орналастырылатын аймақтарды айқындап, қазығын қақты.

Айта кету керек, аталған инвестжобалар халыққа сапалы қызмет көрсетумен қатар, аудан тұрғындарын жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін болды.