Америка-Ресей экипажы ғарышқа бірге ұшырылды
SpaceX компаниясының Falcon-9 зымыраны АҚШ-Ресей экипажын Халықаралық ғарыш станциясына ұшырды. Сәтті ұшырылған ғарыш кемесінде 3 америкалық астронавт пен 1 ресейлік ғарышкер бар
Дүйсенбіде (4 наурыз) үш америкалық астронавт пен ресейлік ғарышкерден құралған экипажы бар Crew Dragon ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) ұшырылғанын NASA хабарлады. Көп рет пайдалануға болатын ғарыш кемесі SpaceX зымыранының көмегімен ұшырылды. Бүгін Мэттью Доминик, Майкл Барратт, Дженнет Эппс және Александр Гребенкин Халықаралық ғарыш станциясымен түйіседі деп күтілуде.
Олардың миссиясы алты айға созылады. Ғарыш саласы Украинадағы соғысқа қарамастан АҚШ пен Ресей тығыз ынтымақтастықты жалғастыратын аз ғана салалардың бірі.
2022 жылдың шілдесінде ХҒС бағдарламасы аясында Роскосмос пен NASA 2022-2024 жылдары үш ресейлік ғарышкердің америкалық Crew Dragon ғарыш кемесімен және үш америкалық астронавттың ресейлік «Союз МС» ғарыш кемесімен ұшырылуы туралы келісімге қол қойылған болатын. 2023 жылдың желтоқсанында Роскосмос NASA-мен келісімді 2025 жылға дейін ұзартқанын хабарлады. Қосымша келісім бойынша 2025 жылға дейін ХҒС-қа тағы екі құрама экипаж жіберілмекші.
Алғашында сенбіге жоспарланған ұшырылу қатты желге байланысты жексенбіге ауыстырылған болатын. SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыран тасығышы Crew Dragon ғарыш аппаратын алып ХҒС-қа сапарын жексенбі күні Шығыс жағалау уақыты бойынша 22:53-те (дүйсенбі күні Астана уақыты бойынша 08:53-те) Флорида штатындағы Канаверал мүйісіндегі Кеннеди ғарыш орталығындағы 39А ұшыру кешенінен бастады. 9 минуттан кейін аппарат ғарыштық орбитаға шығарылды.
Осыған дейін Falcon 9 зымыран тасығышы Crew Dragon кемесін ғарышқа төрт рет жіберген. Осы жолғы Crew-8 миссиясының халықаралық экипажында NASA-ның 3 астронавты мен ресейлік ғарышкер бар. Олар станцияда шамамен алты ай болып, түрлі эксперименттер жүргізуді жоспарлап отыр. Ғарыш кемесі ХҒС-қа бүгін (5 наурызда) түйіседі деп жоспарланған.
Бұл кезекті экипаждың зерттеулерінің тізімінде жер бетінде мүмкін емес гравитацияның төмен жағдайында адам мүшелерінің жасанды көшірмелерін өсіруді қамтиды. Халықаралық ғарыш станциясы халықаралық ынтымақтастықтың ерекше тәжірибесі болып саналады және Канада, Еуропа, Жапония, АҚШ және Ресей ғарыш агенттіктерінің қатысуымен іске асырылуда.