Бар білгендерімді жастарға үйретумен келемін
Мен 1982 жылы Қазақтың ауылшаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп, арнайы шақырту қағазымен еңбек жолымды туған жерім – бұрынғы Свердлов ауданындағы «Кеңес» ұжымшарында (қазіргі Байзақ ауданы Кеңес ауылы) бас бухгалтердің орынбасары, мал шаруашылығы бойынша бухгалтер болып бастаған болатынмын.
Кейіннен экономист бола жүріп, ұжымшардың әрбір шаруашылығына тікелей араластым. Аталған ауылдың негізгі бағыты мал шаруашылығы болғандықтан, мал қыста Мойынқұмда, жазда Сарыарқа (Қарағанды болысындағы Қаражал қаласының маңында) төсінде жайылатын. Ал мал басы өсіп, оның өнімдерін өндіру жоспарын асыра орындап отыратын «Кеңес» ұжымшары аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі еді.
Төрт-түлік малдың ортасында өскендіктен, жылқының ұмыт бола бастаған түр-түсін, ат әбзелдерін кейінгі жастарға, яғни малсақ жұрттың балаларына жеткізсем деген оймен бар білгендерімді соларға үйретумен келемін. Бұл тұрғыдағы білімімді жетілдіруге 17 жылдай Сарыарқадағы Сарысу ауданының Қамқалы кеңшарында жылқыны бір кісідей бағып, өсірген Байзақ ауданындағы Қостөбе ауылының тұрғыны, бүгінде марқұм болған Еңбек Тиыштықов ағаның қосқан үлесі зор.
Жалпы жылқы малының жасын, түр-түсін, керек әбзел-жабдықтарын қазақ жастарының біле жүргендері жөн. Ал ауылдағы үлкен кісілер мен қариялар немесе тікелей мал шаруашылығымен айналысатын мамандар кейінгі ұрпаққа салт-дәстүрлерімізді білгендерінше айтып жүрсе, еш артықтық етпейтіні анық.