ҚОЛДАУДЫҢ ҚАЙТАРЫМЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Жолдауында аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор екенін, бұл орайда егін егу науқанын сапалы өткізуге баса назар аударылатынын атап көрсете келіп, Үкімет пен әкімдіктерге бұл жұмысты ерекше бақылауға алуды, шаруалардың қажетті жанар-жағармайды қолайлы бағамен алуын қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі.
Бұл орайда облысымызда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, биыл Үкімет тарапынан облысқа бөлінген 10,9 мың тонна кепілдендірілген дизель отынының ақпан-наурыз айларына тиесілі 5460 тоннасының 5120 тоннасы облысқа жеткізіліп, 2815 тоннасы тиісті операторлар арқылы шаруаларға таратылған. Қалған жанармайды тарату жұмыстары жалғасуда. Ал сәуір айына бөлінген 2860 тонна дизель отынының бүгінгі күні қаржысы аударылып, өңірге жеткізу шаралары атқарылуда. Өңір шаруашылықтарына арзандатылған дизель отынының 1 литрі 194-208 теңге аралығында босатылып жатқанын айта кету керек.
Егін егу науқанын тиімді өткізудің тағы бір маңызды шарты ауылшаруашылығы техникаларын жаңарту десек, облыста бұл мәселе де кезең-кезеңімен шешілуде. Жалпы аймақта 12 мыңнан аса ауылшаруашылығы техникалары тіркелген болса, оның ішінде 4564 трактордың 25 пайызының тозығы жеткен. Бүгінде осы өзекті мәселені шешу бағытында жұмыстар атқарылуда. Бұл орайда диқандардың ескірген тракторларын жаңартуға бағытталған «Trade-In» бағдарламасы мен жергілікті бюджет есебінен лизингке жаңа ауылшаруашылығы техникаларын алып беру үлкен сеп болып отыр.
Облысымызда «Trade-In» бағдарламасы 2020 жылы «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» және «Агромашхолдинг KZ» АҚ арасында жасалған Меморандумға сәйкес жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның мақсаты шаруаларға өздерінің ескірген ауылшаруашылығы техникаларын сатуға мүмкіндік жасап, алынған соманы шегере отырып, жаңа модельдерді лизингке беру болып табылады. Сол жылы «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на қарасты «Тараз» микроқаржы ұйымы арқылы «Trade-In» бағдарламасы аясында 22 ауылшаруашылығы техникасы берілсе, оның 12 данасы ескірген тракторларды жаңарту бағытында, 10 трактор жылдық жарнасы 5 пайызбен лизингке берілген.
Ал өткен жылы 1054 дана ауылшаруашылығы техникасы сатып алынса, оларға инвестициялық субсидия арқылы 1852,1 млн теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетіліп, алынған техника құнының 25 пайызы төленіп беріліпті.
- Биыл 1300-ден астам ауылшаруашылығы техникасын алу арқылы жаңару көрсеткішін 11%-ға жеткізу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта барлығы 205 ауылшаруашылығы техникасы алынса, оның ішінде 3 комбайн, 47 трактор, 155 дана басқа техникалар бар. Жалпы ауылшаруашылығы техникаларын жаңартуды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау жүзеге асырылуда. Яғни инвестициялық субсидиялау шеңберінде ауылшаруашылығы техникасын сатып алған шаруалардың шығындары субсидияланады. Өтеу пайызы 25%-ды құрайды. Ал еліміздің аумағында өндірілетін отандық техника 5 пайызға артық субсидияланады, ол 30% құрайды. Бүгінгі күні ауылшаруашылығы техникаларын алған 44 агроқұрылымға 500 млн теңге субсидия төленді. Техникаларды жаңарту жұмыстары мен мемлекеттік қолдау шаралары жалғасуда, — дейді облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Тынысбекұлы.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау өз жемісін беруде. Өңір ауылшаруашылығы саласында жыл басынан бері 38 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, оның ішінде егін шаруашылығында – 478,6 млн. теңгенің, мал шаруашылығында – 37,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға артып отыр. Сонымен қатар 26,6 мың тонна ет, 54,0 мың тонна сүт, 26,7 млн. дана жұмыртқа өндірілген.
Осы орайда салаға 4,2 млрд. теңге инвестиция, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 1,6 млрд. теңге инвестиция салынғанын айта кеткен жөн.